Шымкентте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің қызметкерлері 30-дан астам кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қалпына келтірген, олардың қызметіне заңсыз араласқаны үшін 13 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Бұл туралы брифинг барысында қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Асхат Жұмағали мәлімдеді.
Бизнеске қолайлы жағдай жасау және оның дамуы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып табылады.
«Мемлекет Басшысы бірнеше рет атап өткендей, «Кәсіпкерлікті қолдау бизнеске ерекше назар аударуды білдіреді». Қазіргі уақытта кәсіпкерлікті кешенді қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Агенттік елімізде «Protecting Business and Investments, яғни бизнес пен инвесторларды қорғау» жобасын іске асыруда. Инвесторлардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеуге алынуының басты шарты мемлекетіміздің аумағында адал және парасатты бизнес жүргізу бойынша өзіне міндеттеме алу болып табылады» — деді Асхат Жұмағали.
Бүгінде Департаментпен жалпы сомасы 77 млрд. теңгеге жуық 43 жоба сүйемелденуде.
Жобаның ерекшелігі инвесторларды шенеуніктер тарапынан кез келген бюрократиялық және сыбайлас жемқорлық кедергілерден 100% қорғау және кепілдік беру болып табылады.
«Бизнеспен тікелей байланыс біздің өңірде осы саланың дамуына кедергі келтіретін проблемалық учаскелерді анықтауға мүмкіндік береді.
Бүгінде аталған бағытта адвокаттық қауымдастықпен және Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе жұмыс жасаудамыз.
Антикор орталығында әкімшілік кедергілерге тап болған кәсіпкерлерге қажетті көмек пен тегін заңгерлік кеңес алуға жағдай жасайтын алаң құрылды» — деп атап өтті спикер.
Аталған жұмысқа Департамент қызметкерлері, адвокаттар, мемлекеттік органдардың өкілдері және басқа да мүдделі субъектілер тартылған. Олар кәсіпкерлердің мәселелерін жедел шешеді.
Сонымен қатар, брифингте кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Мелес Сейтжанов және «Адал» адвокаттар кеңсесінің басшысы Талғат Есимов баяндама жасады.
Брифингке сілтеме: https://www.facebook.com/depshymkent/videos/480039766730343