Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев пен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Б.Төкежанов ұшақ апатынан қаза болған дәрігер Талғат Патсаевтің жақындарына барып көңіл айтты.
Қайғылы жағдай барша отандастарымыздың қабырғасын қайыстырғанын айтқан өңір басшысы, отбасылары үшін орны толмас ауыр қайғы екенін жеткізді.
«Бұл дәрігерлер қызметтік міндетін орындау кезінде қаза болды. Ақ халатты азаматтардың адамдардың өмірін сақтап қалу жолындағы адал еңбектерін ел есінде мәңгі сақтайтын болады. Әуе апатынан қайтыс болған дәрігердің бірі Талғат Патсаев – біздің жерлесіміз еді. 20 жылдық еңбек өтілі бар акушер-гинеколог, медицина ғылымдарының докторы Талған Анапиұлы осы уақыт ішінде қаншама ананың өмірін сақтап қалды», – деді әкім.
Сонымен қатар, әкім барша оңтүстікқазақстандықтардың атынан қаза экипаж мүшелері – әуе кемесінің командирі Геннадий Цой, екінші ұшқыш Евгений Кутафин, авиатехник Бейшібек Ахматбаевтың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын, – деді.
Талғат Патсаев 2009 жылдан қазіргі таңға дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің акушерлік іс, гинекология және перинатология Ғылыми орталығының оперблок меңгерушісі қызметін атқарған. Жоғарғы санаттағы маман болған. Жұбайы Нұржамал Жардемалиевамен екі ұл тәрбиелеп, өсірген.
Еске салайық, 3 қазанда кешкі уақытта Алматыдан Шымкентке дәрігерлер бригадасы ауыр жағдайда жатқан жүкті әйелге көмектесу үшін санитарлық авиарейсімен жолға шыққан болатын. «АН-28» ұшағы сағат 18:47-де Алматыдан 28 шақырым қашықтықта родардан жоғалып кетіп, сағат 19.15-те ұшақ Алматы облысы Іле ауданының Междуречинск ауылы маңында апатқа ұшырап, өртенгені хабарланған.