Шымкентке арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің өкілі Жазира Жылқышиева және республикалық «Парасат жолы» орталығының жетекшісі Сәдібек Түгелдің, қаладағы білім мекемелері басшыларының қатысуымен аталған салада сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету мәселелері талқыланған жиын өтті.
Бүгінгі іс-шараның мақсаты біреуді жазаға тарту емес, жемқорлық әрекеттерінің алдын алу екендігіне тоқталған Агенттік Төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева, білім беру саласы жемқорлық көріністері жоғары деңгейге жетіп отырғанын айтып, білім беру ұйымдарының басшыларына жемқорлық тәуекелдерін төмендету бағытында нақты шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.
Жазира Жақсылыққызының айтуынша, әкімшілік заңнамаға енгізілген соңғы түзетулерге сәйкес Агенттік мемлекеттік органдар басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдамауы, жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруі, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруы және заңсыз кірістер алуы сияқты әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтауға және олардың жолын кесуге уәкілетті болып табылады. Бұл ретте басшылардың жеке жауапкершілігі қаралатынын ескертіп, білім саласындағы ішкі талдау жұмыстарына қоғам белсенділерін қатыстыру қажеттігін, оның сапалы өтуін қадағалауға, ұжымда тұрақты түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отыруға шақырды.
«Қаратау» дәстүрлі ұлттық өнер мектебінде өткен шарада Сәдібек Түгел республика бойынша кітапханаларда «Парасат жолы» орталықтарының ашылуы мен жастарды тәрбиелеудегі рөліне тоқталды.
Оның айтуынша адалдық құндылықтарын насихаттап, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін өскелең ұрпаққа ең алдымен, парасатты тәрбие беру керек. Осы ретте Ұлы Абайдың «Баланы ең әуелі мейір — шапағатқа, одан соң ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы ғылымға, еңбекке баулы» деген сөздерін айтып, жас ұрпақты парасаттылыққа тәрбиелеудің маңыздылығына кеңінен тоқталды.
Өз кезегінде білім басқармасының басшысы Ж.Тажиева саладағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы тиімді бастамалардың бірі ретінде білім беру саласындағы бос орындарына жұмысқа тұру үшін өтініш беру мен оны өңдеу барысын автоматтандыруға арналған «HR-Process» жүйесін атап өтті.
«Кадрларды іріктеудің ашық және объективті жүйесі – білім саласына үздік мамандарды тартудың кепілі» деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, Жанат Тажиева қаладағы «Саналы ұрпақ», «Адал ұрпақ» жобаларының жұмысымен таныстырды.
Жиын соңында «HR-Process» жүйесінің жұмысы мен «Қаратау» дәстүрлі ұлттық өнер мектебінің қызметі кеңінен таныстырылды.