Елімізде екі ай бұрын басталған COVID-19 дертіне қарсы вакциналау шарасы Шымкент қаласында да қарқынды жүргізілуде.
Ол үшін 36 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мекемесінде егу пункттері мен кабинеттері жабдықталды. Атап айтқанда, Абай ауданында – 7, Әл-Фарабиде – 9, Еңбекшіде – 11, Қаратауда – 9. Егу науқанын сапалы өткізу үшін 2 мыңдай медицина қызметкері дайындық курсынан өтті.
Бүгінде I компонентті «Гам-Ковид-Вак (Sputnik V)» екпесінің жеткізілген алғашқы легі түгел салынды. 1 сәуірде тағы 7300 дозасы әкелініп, бөлініс бойынша толық таратылды.
1-3 сәуір аралығында вакцинаның I компоненті 8395 адамға егілді. Соның 4907-сі – денсаулық сақтау, 2668-і – білім беру саласының, 324-і – күш құрылымдарының қызметкерлері, 222-сі – учаскелік полицейлер, 292-сі – басқа контингенттен. 22 ақпан мен 3 сәуір аралығында 4310 адам II компонентін қабылдады.
Осы айда «QazCOVID» екпесінің 2400 дозасы жеткізіледі. Бүгінде отандық өнімді қолдану бағытында дайындық жұмысы атқарылуда.
Спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларының сұрауы бойынша спортшылар да қатерлі індеттің алдын алудағы тиімді әдісті пайдалануға кірісті. Екпе салдырғандар медициналық бақылауда болады.