Бұл туралы ОҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев хабарлады. Оның айтуынша, республикалық көрсеткіштен төмен мұндай жетістікке облыста тұңғыш рет қол жеткізілді.
«Облыста аналар және нәрестелер өлім-жітімін төмендету мақсатында жүйелі шаралар қолданылып, балалар мен босанатын әйелдерге жәрдем беру қызметінде медициналық көмек көрсетудің біріктірілген үлгісі табысты ендірілді. Қолданылып жатқан шаралар нәтижесінде соңғы бірнеше жыл ішінде көрсеткіштердің тұрақты төмендеуіне қол жеткізілді. Статистика комитетінің мәліметтері бойынша облыста ана өлім-жітімінің көрсеткіші ағымдағы жылдың 8 айында 41,7% азайып, алғаш рет республикалық көрсеткіштен төмен болды. Ағымдағы жылғы 9 айының алдын ала мәліметтері бойынша ана өлім-жітім көрсеткіші 2 есеге төмендеді», – деді М.Егізбаев.
Спикерге сенсек, Оңтүстік Қазақстан облысында «Жол картасы» шеңберінде 2017 жылғы 9 айының қорытындысымен, денсаулық сақтау жүйесінің негізгі индикаторларына қол жеткізілді. Облыста 5 негізгі әлеуметтік мәні бар жұқпалы емес аурулар – жіті миокард инфаркті, ми қанайналымының жіті бұзылысы (инсульт), қатерлі ісіктер, жарақаттар, ана мен бала денсаулығын қорғау қызметі бойынша аурушаңдық және өлім-жітім көрсеткіштері республикалық көрсеткіштерден төмен.
Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындарына 104 медициналық ұйым көмек көрсетеді. Оның 38-і емханалық және 49-ы ауруханалық мекеме. Оларда 7950 дәрігер, 24874 орта буын медициналық қызметкер жұмыс істейді.