Шымкент қаласындағы қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесі былтырғы жыл қорытындысымен алпыс пайызға жеткен. Алғашқы қыстан кейін жөнделген жолдардың сапасына «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» мен Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бірлесе отырып тексеріс жүргізді.
Мамандар магистралды 7 көше мен төрт аудандағы 97 көшенің жиек тастары мен аяқжол өрнек тастарын, асфальтбетон қабатын тексерді. Нәтижесінде 10 мың метр шамасындағы асфальтбетон жамылғысының отыруы және 127 метр жиектастардың бұзылуы анықталған.
Осыған байланысты тапсырыс беруші мекеме кепілдік мерзіміне сәйкес анықталған ақауларды жою үшін мердігер ұйымдарға ескерту хат жолдады. Анықталған кемшіліктер жойылмаған жағдайда келісім-шарттың талаптарына сәйкес айыппұл өндіріліп және жосықсыз өнім берушілер тізіміне енгізу туралы сотқа арыз берілетін болады. Айта кетейік, анықталған ақауларды жою үшін мемлекеттен қаржы қайта қаралмайды, әрбір мердігер өз қаражаты есебінен кемшіліктерді жоятын болады.
Қала әкімдігі мемлекет қаражатымен атқарылатын әрбір жұмыстың жіті қадағалауда болатынын айтып отыр.