Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ШЫМКЕНТ: СӘУІРДЕ ВАКЦИНАНЫҢ 172 МЫҢ ДОЗАСЫ ӘКЕЛІНЕДІ

ШЫМКЕНТ: СӘУІРДЕ ВАКЦИНАНЫҢ 172 МЫҢ ДОЗАСЫ ӘКЕЛІНЕДІ

Шымкентке сәуір айында вакцинаның 172 мың дозасы әкелінеді. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ералқасын Түктібай мәлімдеді.
– Бүгінде Шымкентте вакциналауды жүзеге асыру мақсатында бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 36 мекемеде арнайы егу кабинеттері дайындалды. Сонымен қатар егу науқанын сапалы өткізу үшін 2000-ға жуық медицина қызметкері дайындық курсынан өтті. Ал вакцина қорына келсек, қалаға сәуірде отандық екпенің 172 000 дозасы әкелінеді. Қазіргі таңда коронавирустық инфекциямен күресудің ең тиімді жолы вакцинациялау болып отыр, – деді Е.Түктібай.
Ералқасын Жақаншаұлының айтуынша, профилактикалық вакцинациялауға медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар жіберіледі. Яғни, егу алдында дәрігер міндетті түрде тексерулер жүргізеді. Содан кейін вакцина алушыға медицина маманы екпенің ықтимал жанама әсері туралы ескертіп, жадынама ұсынады. Ал екпе қабылдағандарды бақылау медициналық талаптарға сай ұйымдастырылады. Бүгінде коронавирустық инфекцияға қарсы егілген адамдардың жағдайы қанағаттанарлық және асқынулар тіркелмеген.
Баспасөз мәжілісі барысында спикер жыл басынан бері вакцина қабылдағандар туралы кеңінен мәлімдеді.
– Шымкент қаласында 1 ақпан мен 7 сәуір аралығында «Гам-Ковид-Вак (Sputnik V)» вакцинасының I компоненті 12 166 адамға егілді. Оның ішінде 6 163-і – медицина қызметкері, 3 940-ы – педагогтар, 717-сі күш құрылымдары мен 363-сы учаскелік полиция қызметкерлері, қалғаны – басқа контингенттер. Ал ІІ компонентін қабылдағандардың жалпы саны 5 175-ті құрайды. Атап айтқанда, 3 471 медицина қызметкері, 1 412 педагог, 134 күш құрылымдары мен 77 учаскелік полиция қызметкері, 81 басқа контингент екпе салдырды, – деді ол.
Брифинг соңында сала мамандары үшінші мегаполистің «сары аймаққа» өтуіне байланысты қала тұрғындарына санитариялық-эпидемиологиялық және карантиндік талаптарды қатаң сақтауға шақырды.

Пікір жазу