Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » Жансейіт Түймебаев туралы ел не біледі?

Жансейіт Түймебаев туралы ел не біледі?

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев қазақы ортадан шыққан, қарапайым ауыл баласы. Бұл туралы «Жас алаш» газеті жазды.

Жансейіт Түймебаев көп балалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Қансейіт пен анасы Ұлмекен 13 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. 13 ұл-қыз дегеніңіз, етегінен бала саулаған, Батыр аналары көп Шаян өңірі үшін таңқаларлық дүние емес. Әкесі Қансейіт марқұм  уақтысында Бәйдібек, Созақ аудандарында басшылық жұмыстарды атқарған. Отбасыда ұлдың үлкені Байсейіт Түймебаев та лауазымды  қызметтердің құлағын ұстады. Бәйдібек ауданының әкімі болған, өмірінің соңғы жылдарында  антимонополиялық қызметтің Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстық департаменттеріне жетекшілік жасаған. Айтқандай, қазіргі уақытта Жансейіт Түймебаевтың туған інісі Имангелді Түймебаев Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет етеді.

Түймебаев сонымен қатар белгілі филолог әрі түркітанушы. Қазақ ұлттық университетінде 13 жыл сабақ берген ол отызға жуық еңбектің авторы. Бұл кітаптардың басым бөлігі филология мен түркі әлемін зерттеуге арналған. Осыдан шығатын қорытынды – ол ұлтжанды, түркі әлемінің бірлігін аңсайтын азамат. Әкімдік қызметіне дейін Қазақстанның Түркиядағы елшісі қызметін атқарған Жансейіт Түймебаевты жұрт көбінесе білім саласын  басқарған министр ретінде таниды. 2007-2010 жылдар аралығында Білім және ғылым министрі қызметін атқарған ол бір кездері реформалар мен ҰБТ-ға қатысты даулы мәселелер бойынша сыналған болатын.  Әйткенмен, арада қанша жыл өтіп, талай министр ауысса да  ҰБТ төңірегіндегі айқай-шу басылар емес. Себебі, қалай басқарсаң да Білім және ғылым министрлігі – уы мен шуы басылмайтын,  дау-дамайдан бас көтермейтін сала. Бұл ретте – Жансейіт Түймебаев басқару ісінде әжептәуір тәжірибесі бар, еңбекқор әрі талапшыл басшы. Батыл шешім қабылдап, жауапкершілікті өз мойнына ала білетін азамат.

Ж.Түймебаев президент әкімшілігінде де біраз жылдар тер төккен. Президенттің кеңесшісі-протокол қызметінің басшысы лауазымын атқарған. Яғни, Ақорданың ішкі жай-күйін жақсы біледі, Президентпен етене жақын араласып жұмыс істеген азамат.  Президентпен жақын қарым-қатынасы бар адамның атағынан ат үркетін адамдардан оңайлықпен жасқанбай жапырып жұмыс істей алатынын бұған дейін Өмірзақ Шөкеевтің аяқ алысынан байқағанбыз. Оңтүстікті бар-жоғы 11 ай басқарып оң өзгерістерді опыр-топыр енгізген Өмірзақ Естайұлының батыл қадамдары болашақта Түймебаевтың да бойыннан табылып жатса абыройы артпаса кеми қоймас. Бәйдібек ауданында туылған Түймебаевтың тағы бір жерлесі Асқар Мырзахметовтің осы облысты аттай алты жыл басқарып Астанаға өсіп кеткені белгілі. Ал 1958 жылы туған, биыл жасы 58-ге толып отырған Жансейіт Қансейітұлы болса, енді бірер жылда пайғамбар жасына келеді. Мұны неге айтып отырмыз? Жансейіт Түймебаев тірлікті көзге түсіп қалуы үшін істейтін жастағы шенеунік емес. Әкімдік қызметті баспалдақ ретінде пайдаланатын азамат деуге де келмейді. Сондықтан жаңа әкімде президенттің сенімін, кіндік қаны тамған туған жерінде елдің үмітін ақтау үшін аянбай тер төгуден басқа таңдау жоқ. Әдетте жұрт Оңтүстікке тағайындалар әкімнің осы Оңтүстіктен шыққан түлектерден болғанын қалайды. Өйткені Оңтүстіктің тумасы ғана менталитеті ерекшелеу, моралдық ахуалы ауырлау Оңтүстіктің жағдайын жақсы біледі.

Oinet.kz

 

Пікір жазу