Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » БІРЛІКТІҢ, ТАТУЛЫҚ ПЕН КЕЛІСІМНІҢ 30 ЖЫЛЫ

БІРЛІКТІҢ, ТАТУЛЫҚ ПЕН КЕЛІСІМНІҢ 30 ЖЫЛЫ

«Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» күн тәртібіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясы өтті. Сессия барысында Елбасы, ҚХА Төрағасы Н.Назарбаев отыз жылдағы елеулі жетістерге тоқталып, Ассамблеяның алдына қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті одан әрі нығайту бойынша нақты міндеттер қойды.
– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңға, Ассамблея туралы заңға сәйкес маған Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы лауазымын өмір бойы атқару құқығы берілген. Жалпы, мен сіздермен барлық уақытта бірге боламын әрі одан бас та тартпаймын. Дегенмен, Ассамблеяны басқаруға қатысты бірқатар құзірет еліміздің Президентіне жүктелген. Тіпті, бұл да маңызды емес. Қазақстан халқы Ассамблеясы тірек ретінде іс басындағы Президенттің жанында тұруы тиіс және екінші жағынан Мемлекет басшысы да Ассамблеяға арқа сүйейді. Сондықтан мен Ассамблеяны басқару құқығымды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы шешім қабылдадым, – деді Елбасы.
Онлайн режимде өткен жиынға Шымкент қаласының әкімі, қалалық ҚХА төрағасы Мұрат Әйтенов, Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдері қатысты.
Қала әкімі Ассамблея мүшелерін, жалпы тұрғындарды қаламыздың дамуына үлес қосуға, бірлесе еңбек етуге шақырды.
– Елбасы Ассамблея мүшелеріне белсенді болу керектігін айтты. Әрбір азаматтың кәсіп ашып, еңбек етуге мүмкіндігі бар. Қаламыздың бюджеті бірнеше есе ұлғайды. Кәсіппен айналысу үшін қаржылық институттар да жеткілікті. Қала экономикасына жаңа технологиялар, жаңа инвестициялар қажет. Бірлік бар жерде тұрақтылық бар. Ендігі кезекте тек еңбек ету керек, – деді қала әкімі.
Бүгінде Шымкент қаласында түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Этнос өкілдері қаланың әлеуметтік-мәдени дамуына елеулі үлес қосып келеді.

Пікір жазу