Министр, елші, әкім. Қызметтік қолтаңбаның кімге қатысты екенін аңғарған боларсыз. Өзгеге үйретіп те, өзгеден үйреніп те көрген Түймебаев тұрғындар алдында алғаш рет есеп берді. Түркиядан туған жерге оралғанына 134 күн болған басшы тындырылған тірліктің сұрауына, алда атқарылар жұмыс жоспарына талдау жасады.
Қызметке келгеніне жыл толмаса да 2016-ны қорытындылау бұйырған Түймебаевтың тұрғындар алдындағы алғашқы есебі бұл. Баяндамасында жылдық жұмысқа емес, жоспарға басымдық берген әкім өзіне дейінгі басшылар бастамасының нәтижесін айтып марқайғанан гөрі,өз қолтаңбасы бар жобалармен бөлісті. Бірінші басымдық: Өңірге инвестиция тарту. Ақпанда өңірімізге Түркияның 200 ге тарта кәсіпкері келді. Облыстың бизнес бейнесімен танысып, осында кәсіп ашуға пейіл білдірді. Енді Сауд Арабиясының 40 компаниясы Қазақстанның Оңтүстігінде бизнес бастауға ниетті. Ол келіссөзөдер сәуір айында өтеді. Инвестиция тарту мүмкіндігі бар өзге де жобалар 700 шетелдік кәсіпкердің мамырдағы іс-сапарында тағы талқыланбақ.
Күрмеуі көп мәселенің бірі — коммуналдық сала. Электр қуатының 70 пайызын Солтүстік Қазақстаннан тасымалдап отырған облысымыз үшін сапалы жарықтың жайы өзекті. Өңірде 244 мың тұрғын тұрақты электр энергиясына мұқтаж. Осыны шешу мақсатында Бозарық,Бадам, Қызыл әскер қосалы станциялары салынады. Соңғысының құрылысы биылғы жылдың аяғында басталады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында туындаған мәселе шешіле бастады. Бұл тұрғыдағы сөзін сүйіншілеп бастаған әкім ауыз су мен ағын судан тапшылық көріп келген Мақтарал,Шардара,Қазығұрт аудандарының түйіткілі тарқай бастағанын айтты. Осы аптада Өзбекстандық делегациямен старатегиялық келісімнің алғашқы қадамы жасалды.
2017 жылы 6 мың отбасы қоныс тойын тойлайды. «Нұрлы жердің» шарапытымен Бозарық мөлтек ауданында 293, Таскенде 1050 баспана салынып, азаматтарымызға беріледі. 13 ақпанда Елбасы қабылдауында болып, кезекті рет миллионды қала статусына қатысты тапсырма алып шыққан Түймебаев Шымкентте көлік кептелістерінің проблемасын шешу үшін Бекжан базары маңы, Жібек жолы мен Сайрам, Рысқұлов көшелерінде 5 жолайрық салынатынын айтты. Сондай-ақ, облыс орталығында алдағы уақытта 1200 орындық мектеп, 800 орындық мешіт пен ірі сауда орталықтарының бой көтеретінін жеткізді. Бірілігіміз бекем, тірлігіміз көркем болсын деген Түймебаевтың есебі бас-аяғы 2 сағатқа жалғасты. 14 аудан әкімдіктері онлайн режімде бейне байланысқа шығып, жалпы саны 3500 азамат жиын барысын бақылауға мүмкіндік алды.