Қаламыздың білім беру кеңістігінде тәжірибелі де білікті, өз саласының кәсіби маманы атанған ұстаздар өте көп. Солардың бірегейі – білім басқармасына қарасты Төлеген Тәжібаев атындағы 47 мектеп-гимназияның орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Рысимбетова Менсұлу Есенбайқызы.
40 жылға жуық еңбек жолында кәсіби дараланған маман ғибратты ғұмырының қымбат шақтарын шәкірттерін оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнап келеді. Аталмыш салада қызмет етіп жүрген ұстаздың бойынан біліктілікке талпыну әлі де байқалады. Ұстаздың қарапайымдылығы мен ұқыптылығы, еңбекке деген аса ынтызарлығы өзгелерден оны ерекшелендіреді.
Менсұлу Есенбайқызының шәкірттері қала, облыс, Республика мен Халықаралық шығармашылық конкурстар мен байқаулар, пәндік олимпиада мен ғылыми жобалардың жеңімпаздары. Оқушылардың ғылыми жұмыстары М.Әуезов атындағы ОҚМУ ғылыми жұмыстарға арналған арнайы кітапшаларда жарық көруде. 2019 жылы «Жылдың жүз үздік орыс тілі пәні мұғалімі» арнайы номинациясына ие болды. «Ұстазға тағзым» Құрмет кітапшасына Менсұлу Есенбайқызының да аты жазылып, арнайы алғыс хатпен марапатталған.
«Білім ісінің үздігі», «Ұлағатты ұстаз», «ЕРЕҢ ЕҢБЕГІ ҮШІН» мемлекеттік награда-медальдерімен марапатталған маманның тізбектелген жетістіктері – тек қана адал еңбек пен біліктіліктің жемісі. Ұстаздың шәкірттер үшін берері әлі де көп. Себебі, ізденімпаз маман оқушыларының сабаққа ынта-жігерін арттыру үшін тың әдістемелер жасап, ізденуден жалықпақ емес.