Шымкент қаласы аумағында кеміргіштерге қарсы залалсыздандыру жұмыстары басталды. Маусымдық кезеңге орай бұл жұмыстар оныншы мамырға дейін жалғасады.
Дератизация жұмыстары көпқабатты тұрғын үйлердің қоқыс тастайтын жәшіктеріне, қаладағы өзен — каналдар аумағына жергілікті бюджет есебінен тегін жүргізілетін болады. Атап айтқанда, биыл көктемгі кезеңдегі жоспарға сәйкес, залалсыздандыру жұмыстарын 16 844 шаршы метр қоқыс тастайтын жәшіктер мен 1 081 840 шаршы метр өзен — каналдар аумағына жүргізу жоспарланған.
Мемлекеттік — жекешелік әріптестік аясында кеміргіштерге қарсы дератизацияға «Дезинфекция» медициналық мекемесінің бес топтан құралған жиырма маманы жұмылдырылған.
Бүгінгі таңда бұл жұмыстар Еңбекші және Әл-Фараби аудандарында басталып, 6634 шаршы метр қоқыс тастайтын жәшіктер залалсыздандырылды. Алдағы уақытта жоспарға сәйкес, Қаратау және Абай аудандарында жалғасып, сонымен қатар қаладағы өзен — каналдар аумағына да жүргізілетін болады.
Осы орайда, мамандар қала тұрғындарынан көпқабатты және жеке үйлердің тұрғындары кеміргіштерге қарсы қойылған арнайы қармақжемдерді балаларыңыздың ұстамауына және үй жануарларыңыздың жеп қоюына абай болуларыңызды сұрайды.