Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » «ASHYQ » ҚОСЫМШАСЫ БИЗНЕС НЫСАНДАРЫНА ҮЛКЕН ЖЕҢІЛДІКТЕР ӘКЕЛМЕК

«ASHYQ » ҚОСЫМШАСЫ БИЗНЕС НЫСАНДАРЫНА ҮЛКЕН ЖЕҢІЛДІКТЕР ӘКЕЛМЕК

Биыл 1 сәуірде Мемлекет басшысы Үкіметке «Ashyq» жобасын республика шеңберінде кеңейту туралы тапсырма берген болатын. Осыған орай Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясовтың жобаны енгізу туралы қаулысы қабылданған-ды. Нәтижесінде 26 сәуірден бастап «Ashyq» жобасы барлық өңірлерге таралмақ. Бұл туралы Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев және Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды — инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков пен Шымкент қалалық санитариялық — эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алдарқұл Ахметовтің қатысуымен өткен брифингте айтылды.
Бүгінде жобаға Нұр-сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларымен бірге Көкшетау, Ақтөбе, Тараз және Талдықорған шаһарлары да қосылды.
— «Ashyq» – қоғамдық орындарда келушілерді тіркеу қосымшасы. Қоғамдық орынға кіреберісте пайдаланушы арнайы qr-кодты сканерлеп, оны әкімшіге көрсетеді. Код келушінің статусын анықтайды. Келушілерге статус ПТР-зерттеулерінің бірыңғай интеграциялық порталы және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы covid-19-ді бақылау орталығы ақпараттық жүйелерін салыстыру негізінде тағайындалады.
ПТР-тестін тапсырып, оң нәтиже шыққан адамға «қызыл» түс беріледі. Ондай науқас үйде оқшаулану режимін қатаң ұстану керек.
«Сары» түс науқас адаммен байланыста болғандарға таңылады. Оларға азық-түлік немесе үй жанындағы дәріханаға баруға ғана рұқсат, бірақ басқа нысандарға баруға тыйым салынады. «Көк» түспен ПТР-тестілеу тапсыру міндетті орындардан (мысалы, әуежай) басқа барлық жерге бару рұқсат алады. Ал «Жасыл» түсте – жүріп-тұруға толығымен рұқсат беріледі, деді Н.Қабыштаев.
Qr-код бизнес субъектілеріне ғана беріледі. Ол субъект атауы, оның орналасқан жері және басқа да сәйкестендіру деректерін көрсетумен электронды идентификаторды білдіреді. 1 нысанға кіреберісте және шыға берісте ең кемі 2 qr-код беріледі. Егер нысанда бірнеше кіріп-шығу жолы болса, онда әр кіреберіске жеке qr-код қойылады.
Бүгінде qr-код қолдану практикасы Оңтүстік-Шығыс Азия елдері – Гонконг, Сингапур, Малайзияда кең қолданыс тапқан. Балама құралдар басқа да елдерде қолданылуда.
Сонымен қатар «Ashyq» бағдарламасына қатысушы кәсіпкерлер үшін қосымшамен жұмыс істеуде QR-кодты алу ережесі өзгерді.
Бизнес иелеріне QR-кодты алу үшін infokazakhstan.kz сайтында өтініш беру қажет. Жоба талаптарына (Экономикалық қызметтің жалпы жіктеуіші) сәйкестікті тексерген соң жеке кабинетте код пайда болады, аталған код арқылы қосымшамен сынақ режимінде 1 апта бойы жұмыс істеуге мүмкіндігі беріледі.
Қоғамдық тамақтану және кинотеатрлардың иелеріне өтінішті алдымен салалық қауымдастыққа беріп, кейін infokazakhstan.kz сайтынан qr-кодты алу қажет.
Нұрлан Орынбасарұлының айтуынша, «Ashyq» жобасы қосымшасына йога, фитнес-клубтар, спа орталықтар, сауна, бассейндер, PlayStation, компьютерлік, боулинг клубтар, кинотеатр, театрлар мен филармониялар және қоғамдық тамақтандыру нысандары енеді. Бұл жоба бизнеске шектеусіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді және қауіпсіздік үшін маңызды.
Санитарлық қызмет өкілі А.Ахметовтің айтуынша «Ashyq» жобасымен ауру белгілері анықталған немесе үй карантинін бұзғандығы белгілі болған азаматтарды кәсіпкерлік нысандар СЭС мамандарына хабарлау керек. Бірінші кезекте оларға қатысты түсіндіру жұмыстары жургізілсе, талапты екінші мәрте бұзған жағдайда 30 АЕК көлемінде айыппұл салу қарастырылады.
Ал Береке Талғатұлының мәлімдеуінше мониторингтік тексеру барысында санитарлық норманы бұзған кәсіпкерлік нысандар анықталса, Ashyq жобасынан 2 аптаға егер тағы да қайталанса екі айға дейін шеттетіледі.
Айта кету керек аталмыш жоба «қызыл» аймақтағы бизнес нысандарын «сары» аймақ бойынша қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасында бизнес-қоғамдастықпен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде және жобаға қатысуға ниет білдірушілердің тізімі қалыптастырылуда. «Ashyq» қосымшасына қатысты барлық сұрақтар бойынша Өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгінуге болады.

Пікір жазу