Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ШЫМКЕНТ: ҚАРТ МАЙДАНГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

ШЫМКЕНТ: ҚАРТ МАЙДАНГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

7 мамыр — Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр — Ұлы Жеңіс күні мерекесіне орай ұйымдастырылған «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов Ұлы Отан соғысының ардагерлері Шаля Анна мен Атантаев Халел ақсақалдың шаңырақтарына бас сұғып, мерекелерімен құттықтады. Сондай-ақ Әл-Фараби ауданы әкімдігі де құттықтау тілектерін арнады.
Іс-шара барысында ардагерлерге сый-сыяпат көрсетіліп, сол дәуірдің әскери формасын киген театр әртістері соғыс даласында шырқалған әндерден шашу шашты.
Соғыс ардагері Шаля Анна маусым айында 98 жасын тойлайды. Майданда радист болған ол Ұлы Жеңіс мерекесін Прага қаласында қарсы алған. Шымкенттегі пединституттың 2 курсында оқып жүрген өрімдей қыз Отанын жаудан қорғау үшін өз еркімен майданға аттанған. Бейбіт өмірде талай жоғары лауазымды қызметтер атқарған қарт майдангер миллиондаған жанды құрбан еткен алапат соғыс енді жер бетінде ешқашан болмасын деп тіледі.
Ал өткен жылы күзде бір ғасырды артқа тастаған қария, соғыс ардагері, қарт майдангер Халел Атантаев 18 жасында әскерге алынып, қиян-кескі шайқастардың нағыз қайнаған ошағында болған. 1939 жылы фин соғысында етігімен қан кешіп, сонау Жапонияға дейін барған. Өзінен тараған бес бала-шағасынан немере, шөбере сүйіп отыр.
Қарияның айтуынша Ұлы Жеңіс күні жыл сайын асыға күтетін ең сүйікті мерекесінің бірі екен. Өйткені әр көктемде зұлмат соғыстың отын өшірген майдангер үшін балалардың күлкісін көру, адамдардың шаттықта өмір сүргенін сезіну үлкен бір бақыт.
«Ардагерлерді ардақтайық» акциясы арқылы қатары сиреп бара жатқан майдангерлердің ерліктерін жадымызда сақтап, әрдайым өнеге тұту мақсаты көзделгенін жеткізген Бахадыр Мәдәліұлы ардагерлерге мемлекет тарапынан да кәсіпкерлер мен еріктілер жағынан да көмектер көптеп көрсетіліп жатқанын атап өтті.
–Бүгінгі таңда Шымкент қаласында Ұлы Отан соғысына қатысқан жиырма ардагер қалды. Ендігі міндетіміз көзі тірісінде осы ардагерлерге барынша қамқорлық жасап, қолдан келгенше көмегімізді аямау. Өйткені бүгінгі ашық аспан бейбіт өмір үшін кейінгі ұрпақ оларға мәңгіге қарыздар. Осы ретте Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында әрбір ардагерге 1 миллион теңгеден қаржылай сыйлық берілді. Қандай бағалы сый болса да Жеңісті жақындатқан жауынгерлер оған лайықты, — деді Б. Нарымбетов.

Пікір жазу