«Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Елемесұлы Әуесханов «ANTIKOR-LIVE» жобасы аясында тікелей эфирде сұхбат берді. Серік Елемесұлы кәсіподақтың негізгі жұмысы — бұл бастауыш кәсіподақ ұйымдарын ашу, жұмыскерлердің құқықтарын қорғау, олардың әлеуметтік мәселелерін шешу, еңбек жағдайларын жақсарту болып табылатынын жеткізді. Оның ішінде, «Қызмет» салалық кәсіподағының міндеті — жұмысшылардың, азаматтық және мемлекеттік қызметкерлердің құқын қорғау екенін атап өтті.
Бүгінгі күнде Шымкент қаласы бойынша салалық филиалдың құрамындағы 32 бастауыш кәсіподақ ұйымында 2000-нан астам адам мүшелік етуде. Бұл көрсеткіш жылдан жылға артуда.
Ол дегеніміз кәсіподақ ұйымдарына деген сенім артуда.
«Қызмет» салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалы тарапынан да едәуір жұмыстар атқарылуда.
2020-2021 жылдары жалпы 15 мекемеден бастауыш кәсіподақ ұйымы ашылып, оған 425 адам кәсіподақ мүшелігіне қабылданды. Оларда мекемелердің жұмыс берушілерінің және жұмысшылар атынан кәсіподақ ұйымдарының арасында ұжымдық шарттар жасалып, Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясынан тіркеуден өтті. Атап айтқанда, 2020 жылы карантиндік шектеулерге қарамастан, филиал тарапынан жалпы 7 мемлекеттік мекемеде бастауыш кәсіподақ ұйымын ашып, оған жалпы 230 адам кәсіподақ мүшелігіне тартылды.
Сонымен қатар, кәсіподақ мүшелерін ынталандыру мақсатында 2020-2021 жылдары жалпы 135 адамға немесе 7% кәсіподақ мүшесіне марапаттар тапсырылды. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының наградасымен – 5 адам марапатталды. Сондай-ақ, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің наградаларымен – жалпы 18 адам марапатталды. Ал, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің наградаларымен – 58 адам марапатталды.
Төтенше жағдай кезеңінде демеушілер ұйымдастыру және филиал қаржысын бөлу арқылы көрсетілген қайырымдылық және әлеуметтік көмек көрсету жұмыстары бойынша 2020 жылы «Mega Pharma» ЖШС-нің демеушілігімен #БізБіргеміз акциясы аясында коронавируске қарсы күресу және қорғану бағытында қала тұрғындарына 20000-ға жуық тегін медициналық бетперделер үлестірілді. Акцияға «Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық бірлестігі жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің мүшелері, Әл-Фараби ауданы әкімдігінің және Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, ерікті жастар қатысты.
Шымкент қаласы әкімдігімен келісе отырып, Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасымен бірге әлеуметтік аз қамтылған мұқтаж отбасыларының тізімін жасақтап, оның 50 (елу) отбасына арнап азық-түлік себептері (оның ішінде: 5 кг күріш, 2 кг – вермишель, 2 кг – макарон, 2 кг – ұн, 5 литр – май, 1 кг – қант, 1 пачка — шай) таратылды.
Сондай-ақ, денсаулық қауіпсіздігі үшін 2000 (екі мың) дана бетперделер тіктіріліп, олар банк мекемелері мен халыққа қызмет көрсету орталықтары, тағы да басқа қоғамдық қызмет көрсету орындары аумақтарында Шымкент қаласының тұрғындарына таратылды.
Аталған іс-шараға кәсіподақ мүшелерінің қайырымдылығы және оған тартылған демеушілердің есебінен 750,0 мың теңгеден астам қаржы жұмсалды.
Ал, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының нақты көмегін айтсақ, мысалы: 2021 жылдың сәуір-мамыр айында Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының әкімшілігі мен бастауыш кәсіподақ ұйымы рамазан айында тұрмысы төмен, көп балалы батыр ана, жалғыз басты ана мен жалғыз басты әке, асыраушысынан айрылған, мүгедектік топтағы, мүгедек балалары бар 6 отбасыға 15,0 мың теңгелік азық-түлік себеттерін, 2 отбасыға нақтылай 15,0 мың теңгеден ақшалай әлеуметтік көмектер берді. Оның ішінде, 1 отбасы осы басқарманың кәсіподақ мүшесі.
Жалпы 8 отбасына 120,0 мың теңгенің көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді.
Қорыта келгенде, «Қызмет» салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалымен атқарылған жұмыстар баршылық, дегенмен атқарылуға тиісті жұмыстар аз емес.
© Didarbek.kz