«Бастау Бизнес-2021» бағдарламасының алғашқы қатысушыларына арналған форум биыл алғаш рет онлайн форматында өтті. Бұл туралы «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған форумның ерекшелігі үшінші мегаполистің табысты кәсіпкерлері мен қонақтардың тікелей байланысуы арқылы жүргізілді.
Форум аясында өз ісінің шеберіне айналған кәсіпкерлер тәжірибелерімен бөлісіп, пайдалы ақпараттар ұсынды.
Алғаш болып сөз алған Муталхан Байырбековтің негізгі мамандығы – фельдшер. Ол 2019 жылы музыкалық аспаптар жасау үшін алғашқы жұмысын тастап, домбыра жасауды қолға алған. «Бастау Бизнес» жобасымен оқып, жеке кәсіпті дамытуға грант иемденеді. Бүгінде ағасымен бірге «Асар» шағын ауданында цех ашып, домбыраны кәсіби деңгейде жасайтын маманға айналған. Ал цех айына 40 дана аспап әзірлеуге қауқарлы.
Келесі табысты кәсіпкер Нилуфар Сайдуллаева – «Бастау Бизнес» бағдарламасының түлегі, «Еңбек» бағдарламасы бойынша грант иегері. Бүгінде Нилуфар «ART_SCHOOL» компаниясының иесі. Тәжірибелі тігінші, 6 баланың анасы. Ол ең алдымен өзінің тігін бойынша жеке кәсіпкерлігін ашқан. Осыдан кейін тігін бизнесіне үйретуін сұрайтын адамдар көбейе бастаған. Қазіргі уақытта аталған компаниядан тігін жабдықтарын сатып алуға болады. Сондай-ақ, тігін өнерін бастапқы сатысынан үйренуге жағдай жасалған.
Ал форумның келесі спикері Асхат Молдағалиев былтыр «Бастау Бизнес» жобасымен оқып, «Еңбек» бағдарламасы арқылы грант иегері атанған. Бұл қаражатқа азық-түлік дүкенін ашып, бүгінде шағын маркетке айналдырған.
Айта кетейік, «Бастау» жобасы арқылы тек грант емес, жеңілдікпен несие алуға да болады. Ал алдағы жұма күні қаладағы табысты кәсіпкерлермен тағы да кездесу ұйымдастырылмақ.