Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев іс-сапармен Мақтарал ауданына келіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай атсалысып, үлес қосып жүрген бірқатар өндіріс ошақтарын көріп, аудан кәсіпкерлері жасап жатқан ірі жобалармен танысты. Өңір басшысының соңғы танысқан жобасы – Атакент кентіндегі «Қазақ мақта шаруашылығы» ғылыми зертету институты. Мақта шаруашылығындағы ғылыми-зерттеулерді дамыту арқылы отандық бәсекеге қабілетті мақтаның жаңа сорттарын шығару, мақта өндірудің тиімділігін, инновациялық технологияларды өндіріске ендірумен Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары айналысып, бірқатар жетістіктерге жетті. Мақтаның 12 орта талшықты, сыртқы ортаның қолайсыз факторларына төзімді, өнімділігі 5-6 ц/га жоғары сорттары шығарылды. Олардың 7-еуі (ПА-3044, Мақтаарал-4005, ПА-3031, Береке-07, Мақтаарал-4007, Мақтаарал-4011, Мырзашөл-80) аудандастырылды. Өндіріске отандық 5 мақта сорты енгізілді. Институт ғалымдары әзірлеген мақта қозасын баптаудың қарқынды технологиясы 58,3 мың гектар мақталық егіс көлемінде енгізілді. Сондай-ақ, топырақты 55-60 см терең қопсыту технологиясы 57,0 мың гектар ендірілді.