ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері Берік Бекжанов пен Мұхтар Ерман Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасындағы Жол картасына енген «Металлург» стадионының құрылыс жұмыстарымен танысты. 1980 жылы пайдалануға берілген спорт кешенінің тозығы жеткен болатын.
Мердігер мекеме — «Югстройсервис-Н» ЖШС-і. Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша спортшылар үйінде қабат аралық жабын – 50%, 1504 орынға арналған трибуна металлды құрылым монтаждау – 80%, спортзал жер жұмыстары – 40 пайызға орындалды. Мәжіліс депутаттары жұмыстың барлық кезеңінде сапаны басты назарда ұстау керектігін атап өтті. Стадионды қайта қалпына келтіру үшін қала бюджетінен 3 миллиард 19 миллион теңге бөлінген. Ол қаржыға бір жарым мың орындық трибунадан бөлек спортшыларға қонақ үй және жаттығу залы тұрғызылады. Сондай-ақ, жасыл шөп те жөндеу көреді. Айта кетейік, осы уақытқа дейін завод қарамағында болған кешенді 2017 жылы жергілікті билік жауапкершілігіне алған еді.
Енді міне жөндеу көрмеген кешенге көңіл бөлініп, заманауи құрылыстың біріне айналмақ. Спорт кешені құрылысы жылдың соңына дейін жалғасады.
Дегенмен, құрылыс материалдарының қымбаттауы мәселе тудыруда. Осыған байланысты жауапты мамандар қазірдің өзінде мүдделі мемлекеттік органдармен құрылыстың жобалық- сметалық құны қайта есептеліп жатқанын жеткізді.
#deputatnurotan
© Didarbek.kz