«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде фронт-офистің ашылуы өтті. Шараға «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы қатысты.
Ең алдымен, «Фронт-офистің» атқаратын қызметі мен қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмыс барысын «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бектаева Жанар Әлібекқызы таныстырды.
Ел игілігіне берілген фронт-офистің негізгі мақсаты – қала тұрғындарына онлайн түрде қызмет көрсету, азаматтардың өтінішін қарау, тіркеу және өңдеу.
Соған сәйкес, қоғамдық қабылдау мен аудандық филиал қызметкерлері фронт-офистің коңырауларын жедел қабылдап, өтініштерді тиісті мемлекеттік мекемелерге жолдау арқылы шұғыл жауап беруді ұйымдастыратын болады.
Мұнда келіп түскен азаматтардың өтініштері мен сұрақтарына құқық қорғау органдарының қызметкерлері, прокуратура, полиция және әділет департаменті, адвокаттар алқасы, медиатор орталығы және жергілікті атқарушы орган мамандары толыққанды жауап беріп, оларға дұрыс бағдар береді.
Фронт-офистің ашылу рәсімінде Мұрат Дүйсенбекұлы партияның сайлауалды бағдарласын іске асыру бойынша бекітілген Жол картасына сәйкес, 9 айда атқарылған іс-шаралардың орындалуын баяндады.
– Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында әр өңірде Жол картасы бекітілген. Құжатта алдағы бес жылда аймақтарды жаңа даму бағытына түсіретін нақты шаралар көрсетілген. Шымкент қаласында сайлауалды бағдарламаны іске асыру бойынша әзірленген Жол картасында 149 іс-шара белгіленген. Оған әкімдіктегі басқарма басшылары мен қалалық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері жауапты болып бекітілген. Осы жылдың тоғыз айында Жол картасындағы 149 іс-шараның 28-і іске асты. Әсіресе, білім беру мен денсаулық саласы бойынша алға қойған жоспарлар артығымен орындалды. Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласы бойынша биыл 2 медициналық мекеме салу жоспарланған. Нәтижесінде 5 медициналық мекеме пайдалануға берілді. Сонымен қатар, алдағы бес жылда Шымкентте 42 мектеп, биыл 12 мектеп салу мақсат етілген. Бірақ, мәселенің өзектілігіне байланысты жаңа оқу жылы қарсаңында 20 мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 4 мектеп ашылатын болады. Жол картасы бойынша жұмыстардың жүйелі әрі сапалы орындалуы үнемі партия назарында», — деді М.Әйтенов.
Бұдан бөлек, аталмыш нысанның ашылу рәсімінде «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрайымы, қалалық мәслихаттың депутаты Дария Қожамжарова және аймақты дамыту өңірлік қоғамдық кеңесінің төрағасы Еркі Сатқанбаев Тұрниязұлы сөз сөйлеп, мұндай нысандар Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын сәтті жүзеге асыруға сеп болатынын жеткізді.
© Didarbek.kz