Аудан орталығында Кеңес Одағының батыры, жерлесіміз К.Грицининге арналған ескерткіш орнатылып, шымылдығы түрілді. Ескерткіштің ашылу салтанатына батырдың туған-туыстары, жерлестері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, сонымен қатар Майлыкент ауылының әкімі, мәслихат депутаттары мен халық қалаулылары қатысты.
Майлыкент ауылының әкімі жиналған көпшілікті батырдың өмірбаянымен таныстырып, арнайы келген туған-туыстарына аудан азаматы ретіндегі өзіндік алғысын жеткізді.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәтбай Қасымбек батырдың өшпес ерлігін айтып, әруағына тағзым жасап, гүл шоқтарын қойды. Ал, атасының мол ерлігін, өшпейтін, өлмейтін еңбегін айтып, көптеген естеліктерімен бөліскен туыстары аудан басшылығына батырдың туып-өскен көшесіне К.Грицинин атауын беріп және сол көшенің кіре беріс тұсына тастан жасалған алып ескерткіш қойып, құрмет көрсеткендері үшін шексіз ризашылықтарын жеткізді.
Туыстары батырдың қызы мен ұлының арнайы Алғыс хат жазылған сәлемдемесін Майлыкент ауылдық округінің әкіміне салтанатты түрде табыс етті. Тарихи тұлғаға арналған ескерткіш келер ұрпаққа батырдың өлмейтін ерлігін жеткізетін мол мұра, қазына болмақ.
© Түлкібас ауданы әкімдігінің
баспасөз қызметі