Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Тұлға » ЖЕТІ ТҰҒЫР – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА БАҒЫТТАЙДЫ

ЖЕТІ ТҰҒЫР – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА БАҒЫТТАЙДЫ


Ертеде адамдар ұзақ жолға сапар шегер сәтте, жолынан адаспау үшін жұлдыздарды бағыттаушы сызба ретінде қолданған екен.Сол сияқты Елдіктің жеті тұғырын –еліміздің даму жолына бағыттайтын жеті қарақшы жұлдызы іспеттес, жол нұсқаушы сызба деуге келеді. Ел болып ес жиғалы рухани болмысымызбен мәдениетіміз жарыса дамып, қәзіргі сағат санап ілгерілеп жатқан әлемдік даму толқынымен ұштасып келеміз. Бұл ең алдымен еңбекқор халқымызбен, елін сүйген Елбасымыздың 30 жылға таяу еңбегінің арқасы. Осы орайда Елбасымыз елін сүйген, лайықты көшбасшы ретінде өскелең ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, қолдау мақсатында «Елдіктің жеті тұғыры» атты өз үндеуін жолдады.
«Елдіктің жеті тұғыры» — Елбасымыздың 30 жылдық тәжірибесімен, елге деген жанашырлығы және сүйіспеншілік кеңесінің жиынтығы.
Елбасымыз бірінші тұғырда, Тәуелсіздігіміздің ең ұлы, ең қастерлі құндылығымыз екенін айтқан. «Өз үйім өлең төсегім»- деп дана халқымыз айтқандай, әр ұлттың өз мемлекеті, өз мекені болғаннан артық бақыт жоқ шығар. Ата –бабамыздың арманы болған, қаншама батырларымыздың қанымен,терімен келген ұлы Тәуелсіздігімізді , жер көлемі бойынша әлемде 9-шы орын алатын кең байтақ жерімізді сақтау, әрбір азаматтың парызы екенін айтқан. Сонымен қоса тәуелсіздігімізді сақтау, мәңгілік ету өскелең ұрпаққа аманатталатынын, осы жолда жас ұрпақ әрқашан еңбекке дайын болуы керектігін атап көрсеткен.
Екінші тұғырында, бірлік пен келісім- еліміздің тұрақты тұғыры екенін айтқан. Бір тудың астында қаншама ұлтты біріктіру, бауырмалдыққа баулу ең алдымен еліміздің ақ көңілі, дархан пейілінің, Қазақстан халқы Ассамблеясының әлеуетінің және Елбасымыздың салихалы саясатының арқасы деп білемін. Бірлікпен ғана ел болып, байтақ мекенімізді мәңгілік ететінімізді атап айтқан.
Үшінші тұғырында, жер-ата-абамыздан қалған қастерлі мұра, халық қазынасы екенін айтқан. Ежелден жеріміз жанмен құндас қастерлі, қасиетті ұғым. Тәуелсіздігіміз жариялана сала Елбасымыз осынау алпауыт елдердің арасынан, ұшқыр саясаткерлігінің арқасында, ата-баба аманатына адал болып ең бірінші шекарамызды бекемдеді. Бұл еліміздің даму жолындағы ең ұтымды қадам. Ендігіде өскелең ұрпаққа жерімізді қастерлеп, көз қарашығындай сақтап,азаттығымзды мәңгілік етуді өсиеттеп, мирас ету борышымыз екенін айтты.
Төртінші тұғырында, отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі екенін айтқан. «Отан – отбасыдан басталады» — деп дана халқымыз бекер айтпаған. Отан сүйгіштік туған өлкеңдегі отбасың, елің тіпті ұшқан құспен аққан бұлақ сыңғырына деген сүйіспеншіліктен бастау алады. Отбасы құндылығы сақталса бүкіл салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың сақталғаны. Ақыл, жүрек, қайрат, намыс, адалдыққа сүйене отырып дәстүріміздің игісін оздырып, бұрысын тоздырып саналы өмір сүруіміз қажет екенін жеткізген.
Бесінші тұғырында, Елбасымыз Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі деп атаған. Тарих қойнауын ақтарар болсақ, біз-көшпенді, болмысы ерекше, рухани-мәдени мұраларға бай халықпыз. Мәдениет біздің тереңнен келе жатқан тәрбиеміз, өне бойымыздағы бүкіл қасиеттер. Ол қасиеттердің игі жиынтығы мен мәдени, рхани құндылықтары дамыған 30 елдің қатарына қосылуымызға септігін тигізеді. Елімізді өнер құдіретімізбен, ғылыми жетістіктерімізбен мойындатуға мүмкіндігіміз бар екенін көрсеткен.
Алтыншы тұғырында, Білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп дана Абай айтқандай, біз тек өз біліміміз бен күшімізге сенуіміз керек деген. Қазіргі таңда өз өнерімен, білімімен елдің атын танытып жүрген дарынды жастарымыз өте көп. Міне осының бәрі білім мен еңбектің нәтижесі. Елдің үмітінің ақталғанын және адал еңбекпен, ұшқыр білімнің арқасында ғана ұлы жетістіктерге жете алатынымызды атап өткен.
Жетінші тұғырында Прагматизм – бәсекеге қабілетті болудың кепілі дейді Елбасымыз. Қолымызда бар мүмкіндіктер аясында, тиімді жолдарды таңдап үздік нәтижелерге жетіп, еліміздің дамуына үлес қосуға мүмкіндіктер мол. Сондықтан прагматизм қағидаттары бойынша, яғни қанағатшыл, үнемшіл, ұстамды болып уақытты үнемді пайдаланғанның жөн екенін, осылайша біз Тәуелсіздігімізді баянды етіп, ел тұтастығын сақтап, отбасылық құндылықтарды жаңғыртып, ұлт мәдениетін насихаттап, терең білім мен адал еңбекке ден қойған жасампаз ел болатынымызды айтқан.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жолдаулары әр дем, әр сәт нағыз керек кезінде жеткен. Бұл жолы да рухани, маңызды үндеуіміз өз арнасын тауып, ел игілігі жолында сапарға шыққан, елім деп соққан жүректерге жалау болып, ел игілігіне бағыттайды деп сенемін.
Еліміздің тұғыры биік болып, көк туымыз мәңгі желбіресін!

© Шымкент қалалық мәслихат депутаты,

“Nur Otan” партиясының фракция мүшесі

Султанова Тореайм Жолдыбайқызы

Пікір жазу