Сарыағаш ауданында Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Медиация кеңесінің көшпелі отырысы өтті.
«Медиация институтын дамыту және жаңа әдістерді енгізу» тақырыбында өткен жиынға облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ербол Байқонақов, аудандық соттың судьялары, аудандық прокуратура мен ішкі істер бөлімінің өкілдері, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар, аудан, ауыл әкімдіктерінің медиация саласына жауапты қызметкерлері қатысты.
Жиынды сөз алған облыстық «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы медиация кабинетінің меңгерушісі Хасан Бациев өңірімізде медиация желісін дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясында медиация желісін дамытуды ассамблеяға жүктеген болатын. Бұл бағытта Оңтүстік Қазақстан облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінде ашылған медиация кабинетінде 600-ге жуық азаматқа құқықтық көмек көрсетілді. Облыстағы 4 медиация орталығымен әріптестік байланыс орнатып, өңірде қызмет атқаратын 44 кәсіби, 546 кәсіби емес медиаторлардың дерекқоры түзілді. Өңірдегі медиаторлардың ықпалымен былтырғы жылы 4 мыңнан астам іс бойынша тараптар ортақ мәмілеге келсе, биылғы жылдың 8 айында 3207 іс сотқа дейінгі тәртіппен шешілді, – деді Хасан Шаұлы.
Басқосуда Сарыағаш аудандық сотының судьясы З.Әлсееваның, «Медиация және құқық» орталығының басшысы, кәсбіи медиатор Эльмира Есимбетованың, кәсіби емес медиатор Жахан Бейсенбековтың, Дербісек ауылдық округінің әкімі Е.Есенбековтың, «Медиацияны дамыту орталығы» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық өкілдігінің директоры Л.Ақшегірованың хабарламалары тыңдалды. Сондай-ақ, жиынға қатысушылар дауласушы тараптарды бітімгершілікке бастайтын медиация институтын дамыту жайлы ой-пікірлерін ортаға салды.
Жиынды облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ербол Байқонақов қорытындылап, отырыста айтылған ұсыныс-пікірлердің барлығы ескерілетінін айтты.