Оңтүстік Қазақстан облысында «Арыс жағасында» ретро-фестивалі өтті. Өңірде сегізінші рет өткізіліп отырған мерекелік кеште елімізге белгілі Тұрдықылыш Ізтай, Мұхтар Құралов, Құралай Сәтмұханбетова, Лесбек Аманов, Ержан Серікбаев сынды композиторлардың әндері орындалды.
Мерекелік шараға қатысқан облыс әкімі Ж.Түймебаев барша өнер сүйер қауымын құттықтап, бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталды.
«Қазақ халқы – ежелден өнер сүйген, өнерпаздарын қадірлеген халық. Ал өнер – біздің рухымыз. Рух ешқашан да өлмейді. Ең қасиетті рух халықта деп білемін. Сол себепті де руханият халықпен бірге мәңгі жасайды. Бұл фестиваль бүгінде тек оңтүстік жұртына ғана емес, бүкіл елге аты мәшһүр. Оңтүстік өңірден шығып, барша қазақтың мақтанышына айналған композиторларды, өнер ұжымдары мен әншілерді дәріптеуге, олардың шығармашылығын насихаттауға бағытталған бұл шара ұлттық өнерді, жергілікті дарындарды қолдаудың алаңына айналды», – деді әкім.
Жыр кешінде жергілікті сазгерлердің халық арасында кеңінен тараған 20 әні орындалды. Фестивальге елімізге танымал өнер жұлдыздары ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ұлықпан Жолдасов, ҚР Мəдениет қайраткерлері Жұбаныш Жексенұлы, Шахизада Байпатшанова, Ақбота Керімбековалар қатысты.
Фестиваль тарихы 1992 жылдан бастау алған. Осы жылдан бастап облыста Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» ән байқауы өткізіліп келеді. Аталған байқау өткен жылы Шәмші ағаның туған жері Отырар ауданында өткізілсе, биыл Созақ ауданында өтті. Байқаудың аясында Оңтүстік Қазақстан облысынан шыққан композиторлардың шығармашылығын насихаттау, оларға қолдау көрсету мақсатында 2010 жылдан бастап «Арыс жағасында» ретро-фестивалі Ш.Қалдаяқовтың атына берілген осы гүлзарда жыл сайын өткізіліп келеді.
Осымен сегізінші рет ұйымдастырылған ретро-фестиваль биыл да жоғарғы деңгейде өтті.