Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов СЭС мамандарымен бірге қаланың бірқатар базарын аралап, азық-түлік бағасын негізсіз өсірмеуге, ковид індетінің алдын алуға және елде орын алған ахуалға байланысты халық ішінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
– Елде болған күрделі жағдай экономикаға кері әсерін тигізді. Бірақ бұл азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне себеп болмау керек. Өйткені қалада азық-түлік қоры жеткілікті. Екінші мәселе, ковид індеті жылдам таралып жатыр. Сондықтан базарлар санитарлық талаптарды қатаң сақтауы шарт. Содан кейін адамдарды бірлікке, ынтымаққа шақыру, мемлекеттің басты байлығы ауызбіршілік екенін халыққа түсіндіру бойынша жұмыстарды ұдайы қолға алатын боламыз, – деді аудан әкімі Б.Парманов.
Жұмысшы топ «Автонұр» базарында болып, санитарлық жағдайды бақылап, сатушыларды сақтық шараларын сақтауға шақырды.
– Соңғы күндері ковид жұқтыру дерегі қалада едәуір өскен. Осыған байланысты адамдар гигиена мен санитарлық талапты күшейтулері қажет. Әсіресе сауда және қоғамдық орындарға кіру тек «Ashyq» бағдарламасымен жүзеге асырылуы тиіс. Сатушылардан бетперде кию және қолды өңдейтін санитайзердің болуы талап етіледі. Шымкент қаласының мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Ә.Төлебаевтың жаңа қаулысына сәйкес үшінші мегаполисте ковид індетіне қарсы шараларды күшейту жұмыстары басталды. Оған сәйкес барлық бизнес нысандары «Ashyq» қосымшасына тіркелуі қажет. Сонымен бірге коронавирус дертіне қарсы ревакцинация жүріп жатыр. Осыған орай азаматтарды қосымша екпе алуға шақырамын, – деді санитарлық-эидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Шәрбат Айботаева.
«Абай ауданы Шымкенттің экономикалық белсенді әкімшілік-аумақтық территориясына жатады. Ауданда басқаларымен салыстырғанда ең көп сауда орындары шоғырланған. Бүгінгі таңда Абай ауданында ірілі-ұсақты 13 базар бар. Мегаполис тұрғындарының 32 пайызын осы ауданның халқы құрайды. Сондықтан баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, індеттің өршіп кетпеуін қадағалау және қоғамдық тыныштықты сақтау жалпы қала үшін өте маңызды», – дейді Б.Парманов.
Өз кезегінде Қызылжар елді мекенінің бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Бастархан Байжанов қоғамдық тәртіп, адамдардың заңды бұзбауы бәрінен маңызды екенін айтты. Елде орын алған оқиғадан кейін ардагерлер ұйымының мүшелері жастардың тәрбиелік жұмысына, ізгілікке, бауырмашылдыққа үндейтін үгіт-насихат іс-шараларына шындап кіріспек.
Әкімдік пен СЭС мамандары «жабық базардың» жағдайымен де танысты. Бетперде кию, сатып алушылардан да соны талап ету бойынша базар қызметкерлеріне ескертулер жасалды.
Бақылау жұмыстарының нәтижесінде базарларда азық-түліктің бағасы тұрақты екеніне, санитарлық талаптар мүмкіндігінше сақталғанына мамандар көз жеткізіп қайтты. Дегенмен СЭС өкілдері сауда орындарының басшыларынан санитарлық қатаң шараларды босаңсытып алмауын сұрайды.
© Әнуар ЖҰМАШБАЕВ
(Сурет: Серік ҚОСАЕВ)