Қазақстанда кәдеге жарату төлемінің коэффициенттері қайта қаралады. Осылайша Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру басталды. Бұл туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлімдеді.
– Министрлік қоғам, бизнес және мемлекеттік орган өкілдерімен бірлесіп, жеке мемлекеттік оператор құру, кәдеге жарату коэффициенттерін қайта қарау бойынша мәселені пысықтайды, – деді министр Үкімет отырысында.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке кәдеге жарату төлемін әкімшіліктендіру бойынша тапсырма берген еді.
– Кәсіпкерлердің «ӨКМ Операторы» атты компания қызметіне қатысты сұрағы көп. Бұл жеке компанияға қарсы белгілі бір қоғамдық қозғалыс ұйымдастырылуына дейін жетті. Үкіметке кәдеге жарату алымын тоқтатуды және кәдеге жарату алымын «ӨКМ Операторы» жүзеге асыруын тоқтату бойынша шаралар қабылдауды тапсырамын. Мұны мемлекеттік ұйым жасауы керек, – деді Президент ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында.
«Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы қарапайым жүргізушілердің қызу қолдауына ие болды. Төлем көлемі қайта қаралса, ұнаған көлікті сатып алу жеңілдей түсер еді» дейді қала тұрғыны Серік Қосаев.
– Бұған дейін «утильсбордың» сомасы кемінде миллион теңгеден басталатын. Сондықтан, шетелден көлік әкеліп, қазақстандық есепке тіркеу бағасы шарықтап кететін. Ал ел ішіндегі көлік бағасы тым қымбаттап кеткен. Енді Президенттің тапсырмасымен төлем көлемі азайса, көліктердің де бағасы арзандар, – дейді Шымкент қаласының тұрғыны.
© Didarbek.kz