Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қазақстан жаңалықтары » ПРЕЗИДЕНТ ЖҰМЫС САПАРЫМЕН АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДА БОЛДЫ

ПРЕЗИДЕНТ ЖҰМЫС САПАРЫМЕН АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДА БОЛДЫ

Возможно, это изображение (6 человек, люди сидят и люди стоят)

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Алматы қаласында жедел штаб отырысы өтті. Онда Үкіметтік комиссияның төрағасы, премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев және ішкі істер, қорғаныс, төтенше жағдайлар министрлері баяндама жасады.

Президентке Алматы қаласына қосымша күштер, соның ішінде ҰҚШҰ бітімгерлік контингентінің күштерін жұмылдыруға қатысты берген тапсырмасының нәтижесінде қала лаңкестерден толық тазартылғаны туралы баяндалды. Қазіргі уақытта қала тіршілігін қамтамасыз ететін барлық саланың жұмысын қалпына келтіру белсенді жүріп жатыр.

Мемлекет басшысы еліміздің ірі қаласына жасалған террористік шабуыл салдарын өз көзімен көру үшін Алматыға арнайы келгенін айтты.
Президент Үкіметтік комиссияға Алматы қаласының әкімдігімен бірлесе отырып, инфрақұрылым нысандарын, оның ішінде мемлекеттік, құқық қорғау және арнаулы құрылымдардың ғимараттарын, бейнебақылау жүйесін қысқа мерзім ішінде қалпына келтіруді тапсырды. Сонымен қатар зардап шеккен кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі.

– Өздеріңізге мәлім, Алматы – менің туған қалам. Осында дүниеге келдім, оқыдым. Алдымызда қысқа мерзім ішінде қаланы қалпына келтіру міндеті тұр. Бұл – менің Президент ретінде және еліміздің азаматы ретінде парызым. Қаланың қалпына келетініне еш күмән жоқ. Үкіметтің алдында қаланың келбетін бұрынғыдан да жақсарту міндеті тұр. Бұл өте үлкен жұмыс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жедел штаб отырысының қорытындысы бойынша Үкіметтік комиссия мен жергілікті әкімдіктер бірлесіп қысқа мерзім ішінде барлық аймақтағы нысандарды қалпына келтіруге, көліктердің үздіксіз жұмысын реттеуге, азық-түлікпен қамтамасыз етуге, сондай-ақ шағын және орта бизнес нысандарының жұмысын жандандыруға күш салу тапсырылды.

Мұнан кейін Президент Алматыда қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілердің туған-туыстарымен кездесті. Мемлекет басшысы қайғыра көңіл айтып, отбасы мүшелерімен әңгімелесті. Оларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Сондай-ақ, Президент Алматыдағы Полиция департаменті Шұғыл әрекет ету басқармасының орталығы мен Алматы жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында болды. Қасым-Жомарт Тоқаев Травматология бөліміндегі палаталарды аралап көріп, террорлық акті кезінде зардап шеккен азаматтармен әңгімелесті.

Президент жараланғандардың хал-жағдайларын сұрап, олардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді, сондай-ақ дәрігерлермен сөйлесті. Күштік құрылымдардың зардап шеккен барлық қызметкеріне көмек көрсетілетінін атап өтті.

© Didarbek.kz

Пікір жазу