Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығында «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Республикалық Премьер Лига» жайдарман ойыны өтті, деп хабарлайды Шымкент қаласының ақпараттық — коммуникациялық орталығына сілтеме жасаған Didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Жайдарман ойынына республикамыздың түрлі облысы мен қалаларынан келген, жалынды жастардан құралған 21 команда, 167 жайдарманшылар бақ сынасты. Атап айтқанда, Нұр — Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Көкшетау, Атырау, Қарағанды, Батыс Қазақстан облысы, Қостанай, Жамбыл, Павлодар, Шығыс Қазақстан облысынан қатысты.
«Республикалық Премьер Лига» жайдарман ойынының 1/16 финалдық кездесуіне 15 командаға жолдама берілді.
Жайдарманның ең басты ерекшелігі — өз шығармашылығына өмірдегі, саясаттағы, жалпы қоғамдағы болып жатқан құбылыстарды өзек етуінде және де халықтың заманауи сұранысының талаптарына сай болуында. Сахна мәдениеті мен шеберлік, би, ән, мимика, сөйлеу мәнері, ой ұшқырлығы сияқты, жастардың жанынды талантын, сондай-ақ, өнер атаулының түрлі жанрларын қамтитын аталмыш ойын тек шығармашыл жастардың орталығы.
Сонымен қатар, 16 -19 мамыр аралығында жайдарманшылар Шымкент қаласына саяхат маусымымен келген болатын. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтеновтың қолдауымен қаланың көрікті жерлерін аралап, жастар ресурстық орталығының алдында жайдарманшылар арасында үстел теннисінен турнир өткізілді. Саяхат маусымының соңғы күнінде @jake_tau туристік агенттігінің қолдауымен Шымкент маңында орналасқан Біркөлік шатқалында жайдарманшылар демалып, ойынды керемет көңіл — күймен бастады.
Алдағы уақытта да жастардың белсенділігі сыналып, шығармашылығы шыңдалатын байқаулар өз жалғасын табады деп сенім білдіреміз!