Бүгін Шымкент қаласындағы 203 мектепте «Жаңа Қазақстанның ертеңі» атты салтанатты соңғы қоңырау шарасы өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Осы білім ұйымдарындағы 242 525 оқушы оқу жылын аяқтаса, оның ішінде 11 189 бала оқуды бітіріп отыр.
Мектеп бітірушілер мен ұстаздарды құттықтау үшін қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп — гимназияның соңғы қоңырау шарасына қатысты.
Қала басшысы Мұрат Дүйсенбекұлы барша мектеп бітіруші түлектерге сәт сапар тілеп, өмір жолында табысты болуды айтты.
«Мемлекетімізде оқимын, білемін, танимын деген оқушылар үшін жағдай жасалған. Әсіресе, шәкірттеріне білім, тәрбие беріп, адамгершілік рухта бағыт — бағдар беруде ұстаздардың еңбегі зор. Тек білім ғана адамға өмір жолын дұрыс таңдауда еркіндік пен өз-өзіне деген сенімділік, табысқа жетуге және өз қабілетін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Қаламыздың барлық мектептерінде соңғы қоңырау соғылып, ұл — қыздарымыз болашақтың биік баспалдағына қадам басқалы тұр. Өмірде жолдарыңыз ашық болсын!», — деді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов.
Сонымен қатар, биылғы мектеп бітіруші түлектердің 8 мыңнан астамы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады, соның ішінде 453 оқушы Алтын белгіге үміткер. Ал, білім саласындағы мемлекеттік саясаттың нәтижесінде осы оқу жылында 500-ден астам шымкенттік оқушы халықаралық және республикалық сайыстарда топ жарды.
Айта кетейік, өткен жылы Шымкентте 25 мектеп салынса, биыл 17 мектеп салу жоспарланды. Келер жылы үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілетін болады. Одан бөлек, Оқушылар сарайы мен Саз мектебі салынуда.
Құрметті мектеп бітіруші түлектер! Көздеген мұрат — мақсаттарына қол жеткізіп, армандарың орындалсын. Келешектерің кемел, болашақтарың нұрлы болсын.