25 мамыр – оқу жылының аяқталған күні. Осыған орай барлық мектепте соңғы қоңырау мерекелік іс-шарасы өтіп жатыр.
Шымкент қаласындағы Өмірбек Жолдасбеков атындағы мектеп — лицейде өткен салтанатты жиынға қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы Мұқан, қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлісхан Нахбаева, ата — аналар комитеті мен қамқоршылар кеңесінің төрағалары, ата-аналар, ұстаздар мен оқушылар қатысты. Мектеп түлектері салтанатпен ортаға шығып, өз орындарына жайғасты. Шыңғыс Жұмабекұлы Мұқан көпшілікті мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
– 11 жыл білім алып, мектепті аяқтап шығу – ең жауапты сәттің бірі. Бұл – ересек өмірге басатын алғашқы қадам. Ендігі қадамдар үлкен жауапкершілікке толы болады. Сол жолда сіздерге кездескен барлық кедергіні еңсеріп, елімізге табыс әкелетін азамат болып қалыптасуларыңызға тілектеспін. Ақ жол! – деді қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы.
Мектеп директоры Анар Аманқұлова да құттықтау сөз алып, оқушыларының жетістігін тілге тиек етті. Биыл мектепті 251 түлек тәмамдағалы отыр. 12 оқушы – Алтын белгі, ал 10 түлек ерекше үлгідегі аттестат алудан үміткер саналады.
Жалпы, Шымкент қаласы бойынша 2021-2022 оқу жылын 11 189 түлек аяқтайды.
Бүгін қаладағы 203 мектепте «Жаңа Қазақстанның ертеңі» атты салтанатты соңғы қоңырау шарасы өтті. Осы білім ұйымдарындағы 242 525 оқушы оқу жылын аяқтаса, оның ішінде 11 189 бала оқуды бітіріп отыр.
Айта кетейік, өткен жылы Шымкентте 25 мектеп салынса, биыл 17 мектеп салу жоспарланды. Келер жылы үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілетін болады. Одан бөлек, Оқушылар сарайы мен Саз мектебі салынуда.
Мектеп бітіру – жауапты сәт. Осы тұста жас түлектердің алдағы ұлттық бірыңғай тестілеуден абыроймен өтуіне тілектеспіз! Аңсаған армандарыңа қол жеткізіп, әр саланың мықты мамандары болып еліміздің көркеюіне үлестеріңді қоса беріңдер!