Шымкент қаласының «Орталық саябақ» аумағында «Шымкент жастар лигасы» ойындарындағы шахмат бәсекесінің финалдық кезеңі өтуде, деп хабарлайды қалалық ақпараттық — коммуникациялық орталығына сілтеме жасаған Didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Спорттың шахмат түрінен іріктеуге 130 команда қатысып, финалдық кезеңге әр ауданнан төрт, жалпы 16 команда жолдама алды. Жеңімпаз және жүлдегер командалар бүгін анықталмақ.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы Мұқан, қалалық мәслихат депутаттары, сондай-ақ, қоғамдық ұйым өкілдері іс-шараның ашылу рәсіміне қатысып, тартысты ойындарды тамашалады. Шыңғыс Жұмабекұлы Мұқан іс-шараның маңыздылығына тоқталып, ойыншыларға сәттілік тіледі.
– Былтыр тартысты ойындардың куәсі болдық. Биыл «Балалар жылы» аясында да қызықты бәсекелер өтуде. Шахмат – спорттың бекзат түрі, адамның ойлау қабілетін дамытады. Жылдан жылға бәсекелестік артып келеді. Финалдық кезеңнің жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталады, – деді қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы Мұқан.
Осы спорттық жарыстарға төрешілік жасауға және ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуге 400 ге жуық дене шынықтыру және спорт саласының мамандары жұмылдырылған.
«Шымкент жастар лигасы» жобасы өткен жылдың 23 қазан күні басталған болатын. Сайысты ағымдағы жылдың 1 маусым күні аяқтау жоспарлануда. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Орталық стадион аумағында марапатталады.
Айта кетейік, «Шымкент жастар лигасына» спорттың футбол, баскетбол, волейбол, шахмат түрлерінен 151 жалпы орта білім беру мектептерінен 514 команда құрамында 5926 оқушы қатысып жатыр. Атап айтқанда, Абай ауданында — 37, Әл-Фараби ауданында -25, Еңбекші ауданында — қырық, Қаратау ауданында – отыз сегіз. Сонымен қатар, командаларға қолдау көрсетуге 151 мектептен Фан – клуб командалары жасақталып 2265 оқушы қамтылды.