Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » «WorldSkills Shymkent – 2022»: 48 СТУДЕНТ РЕСПУБЛИКАҒА ЖОЛДАМА АЛДЫ

«WorldSkills Shymkent – 2022»: 48 СТУДЕНТ РЕСПУБЛИКАҒА ЖОЛДАМА АЛДЫ

Бүгін техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында ұйымдастырылған «WorldSkills Shymkent – 2022» кәсіби шеберлік чемпионатының қалалық кезеңі қорытындыланды. Аймақтық чемпионат 20-27 мамыр күндері аралығында Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты 15 колледждің базасында өндірістік кәсіпорындардың атсалысумен өтті.

Салтанатты шараға қатысқан Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы Мұқан кәсіптік колледждер көрмесін аралап, марапаттау рәсімінде жеңімпаздарды құттықтады.

— Шымкент қаласы бойынша 36 колледжде 33 мыңнан астам студент білім алуда. Оның 11 мыңға жуығы мемлекеттік тапсырыс аясында тегін біліммен қамтамасыз етілген. Колледждердің техникалық-материалдық базасын нығайту кәсіптік маман иелерін даярлауда білім сапасына әсер ететіні анық. Республикалық «Жас маман» бағдарламасы аясында қаламыздағы бірқатар колледждердің базасы жабдықталды. Бүгін «WorldSkills Shymkent – 2022» кәсіби шеберлік чемпионатының аймақтық іріктеу кезеңі мәресіне жетіп отыр. Сайыстың тартысты өткенін қатысушылар арасындағы бәсекелестіктің, жұмыс сапасының артқанынан көріп отырмыз. Аймақтық кезең жеңімпаздары алдағы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық, Шанхайда өтетін халықаралық кезеңдерде де үмітімізді ақтап, жүлделі орындардан көрінеді деген сенімдеміз, — деді қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы.

Еске сала кетейік, WorldSkills – жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға негізделген халықаралық жоба. Кәсіптік-техникалық мамандықтың сапасын арттыруға бағытталған жобаға Қазақстан 2015 жылы алғаш рет қатысып, халықаралық деңгейде жүлделі орыннан көрінген.

Сонымен қатар, «WorldSkills Shymkent – 2022» чемпионатының аймақтық кезеңіне 46 құзіреттілік бойынша 176 үміткер қатысқан. Олар ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, өндірістік және инженерлік технологиялар, қызмет көрсету саласы, шығармашылық және дизайн, құрылыс индустриясы, көлік және логистика бағыттары бойынша бақ сынады. Қатысушылардың конкурстық жұмыстарын қала аумағындағы кәсіпорындардың жетекші мамандарынан құралған тәуелсіз сарапшылар бағалады.

Айта кетейік, аймақтық «WorldSkills Shymkent — 2022» кәсіби шеберлік чемпионатының үздік жеңімпаздары І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен және медальмен марапатталды. Республикалық кезеңге 46 құзіреттілік бойынша 48 үміткер қатысады.

З.АЛДАБЕРГЕНОВА

Пікір жазу