ОҚО үкіметтік емес ұйымдары жаңа латын әліпбиінің нұсқасына қатысты ойын білдірді.
ОҚО «Азаматтық альянсы» ассоциациясының ғимаратында Оңтүстік Қазақстан облысының үкіметтік емес ұйымдары латын әліпбиінің жаңа үлгісін талқылады. Кездесуге «Оңтүстік Қазақстан облысының Азаматтық Альянсы» мүшелері қатысты.
«ОҚО Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігінің президенті Шәріпбек ЖАМАЛБЕК:
– Біздің қауымдастықтың мүшелері латын әліпбиіне көшуді ғаламдық ғылым мен білімге жетелейтін нақты қадамы деп біледі. Сондай-ақ, баршамызды рухани тұрғыда біріктіре түспек. Латын қаріпі – әлемдегі байланыстың ең кеңге қанат жайған құралы, бүгінде ақпарат ағымында ойып алар орны бар. Кеше ғана таныстырылған латын әліпбиінің жаңа нұсқасына да көңіліміз толып отыр. Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін және болашақта барлық саладағы іс-қағаздар мен оқулықтар осы қаріппен жазылуы тиіс екенін баяндаған. Үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты іс-шараларды жасауды тапсырып, бұл жұмысты қазірден бастан қолға алу қажеттігін атап өткен болатын. Әрине бұл өте ауқымды және өзекті мәселені үлкен жауапкершілікпен жасауға тиіспіз.