Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов еркін күрестен Сурдлимпиада Ойындарының күміс жүлдегері Рсалы Сабыржанға 2 бөлмелі пәтер кілті және осы олимпиадада 5 орыннан көрінген Пернеш Шадиярға, қос спортшының жаттықтырушысы Омар Ғалымжанға қаржылай сыйлық табыстады, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Қос спортшыны жетістігімен құттықтаған қала басшысы мемлекет тарапынан денешынықтыру мен спортты белсенді дамытуға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.
–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, қаламызда спорттың кез келген түрімен жаттығуға жағдай жасалған. Спорт қолдау тапса, саңылақтар шыңдалып, еліміздің абыройын көтереді. Бүгінде шымкенттіктер өзінің спорттық жетістіктерімен ауыз толтырып мақтана алады. Жерлестеріміз түрлі деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына сәттілік тілей отырып, Қазақстанның спортын одан әрі биік шыңдарға көтере берулеріңізді тілеймін, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов.
Өз кезегінде спортшылар мемлекет тарапынан жасалып жатқан барлық қолдауға өз тараптарынан алғыстарын білдіріп, еліміз бен шаһар спортын дамытуға атсалысуға, жаңа белеске шығаруға аянбай тер төгетіндіктерін жеткізді.
Рсалы Сабыржан мен Пернеш Шадияр Халықаралық спорт шебері. Жуырда Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен ХХІV Жазғы Сурдлимпиада Ойындарында күміс жүлдесін жеңіп алды. Осы Олимпиадаға 100 мемлекеттен спорттың 21 түрінен 3500 жуық спортшы қатысты. Қазақстан Республикасының құрама командасынан 65 спортшы (Шымкент қаласынан Сабыржан Рсалы, Пернеш Шадияр) қатысып, 4-алтын, 7-күміс және 18 қола медальмен командалық есепте 13-ші орыннан көрінді.