Шымкентте жазғы мезгілде жіті ішек аурушаңдығының тіркелуі көбейеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі. Бұл туралы Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова қала әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында өткен брифинг барысында мәлімдеді.
«Шымкент қаласы халқының арасында 2022 жылдың 5 айында жіті ішек инфекциясының (ЖІИ) 277 жағдайы анықталды. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 228 жағдай, яғни жіті ішек инфекциясы балалар арасында жиі тіркелуде. Аурушаңдық өткен жылмен салыстырғанда 1,8 есе өскен. Жіті ішек аурушаңдығы жылдың суық мезгілінде – вирусты инфекциялар, жылы мезгілінде – бактериалды инфекциялар түрінде кездеседі. Бұл аурумен ересектер де, балалар да ауырады. Жылы климат микроорганизмдердің көбеюіне қолайлы әсер етеді, сондықтан жазғы мезгілде жіті ішек аурушаңдығының тіркелуі көбейеді»-деді спикер.
Аурудың негізгі көзі – ауру адам мен бактерия тасымалдаушылар. Тасымалдаушыларда ауру жасырын түрде өтеді, оны тасымалдаушының өзі де білмеуі мүмкін. Бактериялар тағаммен, сумен немесе кір қолмен адам ағзасына ауыз арқылы түседі. Мысалы, дизентерия құдықтың залалсыздандырылмаған суын қолданғанда, қайнатылмаған сүт ішкенде басталуы мүмкін.Сонымен қатар,ішек таяқшалары организмге сақтау мерзімі өткен сүт өнімдерін тұтынғанда түсуі мүмкін. Сальмонеллез адам ағзасына тауық етінен, жұмыртқадан немесе таза жуылмаған жеміс-жидектерден, көкөністерден беріледі.
Науқастарда жедел дене қызуының көтерілуімен, сұйық дәретпен, іштің ауруымен басталады. Асқазан аймағының ауырсынуы, жүрек айну пайда болып, құсу, іш өту жиілейді (нәжісі су тәріздес болады). Нәтижесінде, ағза сусызданып, әлсіздік пайда болады.Ағзаның сусыздануы– балалар үшін өте қауіпті.
Науқастарға ауруды басатын дәрі-дәрмектерді өздігінен қолдануға, дәрігердің тағайындауынсыз антибиотикті қолдануға болмайды.
Өткір ішек жұқпаларының немесе тырысқақ ауруының белгілері байқалған жағдайда тез арада медициналық көмекке жүгіну керек!