Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі Рахымберді Мүлкеманов аудандағы көп қабатты үй комитеттерінің төрағаларымен, тұрғындармен жүздесті. Күн тәртібіндегі жалғыз тақырып – көп қабатты үйлерді басқару түріне өту, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Жиынға аудан әкімімен қоса қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Мәлік Әбдінұров та қатысты. Жауапты мамандардың айтуынша, 2022 жылдың шілдесінен бастап бұрынғы пәтер иелерінің кооперативі жұмысын тоқтатып, оның орнына үй басқару толық пәтер иелерінің қолына өтеді. Ол үшін тұрғындар пәтер иелерінің бірлестігі (ПИБ) немесе жай серіктестік (ЖС) формасын таңдаулары тиіс.
– Ол үшін көп қабатты үй тұрғындарының кемінде 10 пайызы жиналып, белсенді топ құрады. Одан кейін жалпы жиналыс өткізіп, оған сол үйдегі тұрғындар қатысуы тиіс. Сол жерде нысанды басқарудың пәтер иелерінің бірлестігі немесе жай серіктестік секілді екі түрінің бірі таңдалып, хаттама түзіледі. Егер пәтер иелерінің бірлестігі болса, онда заңды тұлға ретінде әділет органында тіркеледі, ал жай серіктестік жеке тұлға ретінде қызмет етеді. Ол үшін сол тұлғаға барлық тұрғын сенім білдіруі тиіс, – деді аудан әкімі Рахымберді Мүлкеманов.
Жиында қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Мәлік Әбдінұров та сөз алып, жаңа басқару жүйесі бойынша тұрғындар өз пәтерлерінің шаршы метріне байланысты қаржы жинайтынын, ол қаржы үйді залалсыздандыру, коммуналды жүйені күтіп-ұстау секілді жұмыстарға жұмсалатынан, оның барысын тұрғындар бақылай алатынын жеткізді.
Бұдан кейін тұрғындар мен үй комитеттерінің төрағалары сұрақ қойып, пікір алмасты.
Жалпы тұрғын үй саласындағы жаңа реформа көппәтерлі үйлердегі ортақ мүлікті пайдалануға бөгде ұйымдардың емес, меншік иелерінің өздері жауап беретіндігімен ерекше. Оның қалай дамитынын алда уақыт көрсетеді. Бастысы көрсетілетін қызмет сапалы, арзан әрі тиімді болса игі.
Н.Бектаев
Фото – Серік Қосаев