Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » 335 ОТБАСЫ ЖАҢА ҚОНЫСҚА КӨШТІ

335 ОТБАСЫ ЖАҢА ҚОНЫСҚА КӨШТІ

Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау сияқты жұмыс күші артық облыстардан Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай сынды еңбек қолы тапшы өңірлерге 1324 адам қоныс аударды. Осылайша, жұмыс іздеген 335 отбасы оңтүстік өлкелерден солтүстік аймақтарға ерікті түрде көш түзеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, жаңа мекенге қоныстанған еңбекке қабілетті азаматтар тұрақты жұмыс орындарына тұрғызылады.

Ерікті көшті қолдауға арналған мемлекет көмегіне отбасының әр мүшесіне арналған 35 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі көші-қон субсидиясы, бір жыл жүзінде ай сайын берілетін 15-30 айлық есептік көрсеткіш сипатындағы баспана жалдау мен коммуналдық қызметтерді төлеу қаржысы кіреді.

Еске сала кетсек, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру мақсатында, Үкімет көш шығатын және оны қабылдайтын өңірлерді, қоныс аударушыларды қолдауға қажет әлеуметтік көмек түрлерін анықтады.

Көш ерікті түрде және міндетті түрде жұмыс беруші тарапта бос жұмыс орындары болғанда ғана қолға алынады. Осы орайда, көшті қабылдайтын жақ халықты жұмыспен қамту орталығына қандай мамандықтар жөнінде қосымша еңбек күші керектігін, қойылатын талаптар мен шарттар туралы ақпаратты жеткізуі тиіс. Белгілі бір біліктілігі жоқ қоныс аударушы азаматтарға қысқа мерзімді оқудан өтіп, жұмысшы мамандықты меңгеруге мүмкіндік қамтамасыз етіледі.

Бағдарламаның аталған бағытын жүзеге асыру арқылы еңбек ресурстарының қозғалысы жанданып, азаматтардың экономика сұранысына сай ұтымды орналасуы қамтамасыз етіледі.

Өз тілшімізден

Пікір жазу