Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ДӘСТҮРЛІ ӘНШІЛЕР МЕН ТЕРМЕШІЛЕР САЙЫСҚА ТҮСТІ

ДӘСТҮРЛІ ӘНШІЛЕР МЕН ТЕРМЕШІЛЕР САЙЫСҚА ТҮСТІ

Шымкент қаласының Түркістан сарайында «Рухани жауһарлар» атты республикалық дәстүрлі әншілер мен термешілердің байқауы басталды, деп хабарлайды қалалық «Шымкент келбеті» газетіне сілтеме жасаған «didarbek.kz».

Конкурстың салтанатты ашылуына қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы Мұқан қатысып, құттықтау сөз сөйледі,.

–Алдымен, қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтеновтің конкурс қатысушыларына құттықтау сөзін жеткізуді рұқсат етіңіздер. Бүгін бәсекелестікке толы байқау болғалы тұр. Қазақ сахарасында өнерпаз болып дүниеге келмеу мүмкін емес. Өйткені кең даланы сыртқы жаудан қорғау үшін, ішкі бірлікті сақтау үшін бір рухани тірек керек болды. Дәстүрлі ән, терме сол тіректің рөлін атқарды. Ғалымдар қазақтың ән дәстүрінде 40-тан астам жанр бар деп айтады. Ұлтымызды ғасырдан-ғасырға дәстүрін жоғалтпай жеткізген – сол қазақ өнері. Оны сақтау бүгінгі ұрпақтың мойнына артылған аманат, — деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

«Рухани жауһарлар» байқауының идеялық авторы журналист, Анар Сүлеева болса, ұйымдастыру жағынан қолдау көрсеткен қалалық әкімдік.

–Бұл байқаудың мақсаты–Оңтүстік өңірінің дәстүрлі ән және терме өнерін насихаттау, ұмыт бола бастаған жырларды қайта жаңғырту. Сондай-ақ қазақтың домбырасының қоңыр үнін сахнада әуелетіп, бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі ән-жыр мектептерінің мақамдарын тірілту, — деді Анар Сүлеева.

Конкурсқа Рамазан Стамғазиев сынды елімізге белгілі өнер майталмандары қазылық етеді. Өнер қайраткері байқауда халық әндері мен халық композиторларының шығармалары орындалатынын жеткізді. Сондай-ақ конкурс талабына сай бір ән оңтүстік жыр мектебінің туындысы болуы шарт. Яғни әрбір қатысушы қатарынан 3 ән орындайды.

Өнер сайысында жеңіске жеткендерге қомақты жүлде қарастырылған. Байқаудың бас жүлдесі – 1 млн теңге. «Рухани жауһарлар» конкурсының соңы гала-концертпен аяқталады.

 

 

Пікір жазу