Шымкент қаласындағы 81 тұрғын алабтың 65-і сапалы электр қуатымен қамтылған. Биыл 10 тұрғын алабында электр желілерінің құрылысы пайдалануға беріліп, 21 мыңнан астам адам сапалы электрмен қамтамасыз етіледі, — деп хабарлайды didarbek.kz ақпараттық агентігі. Электр желілерімен қамту көрсеткішін 97 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарға республикалық және жергілікті бюджеттен 12 млрд. теңге қаржы қаралған. Осы жылы яғни, қаладағы Ақжар, Жалын, Достық, Жаңаталап, Қайнар бұлақ, Солтүстік саяжай, Ынтымақ, Айкөл, Игілік және Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабтарында электр желісінің құрылысы жүргізіледі.
Шымкент қаласы тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамту мақсатында елді мекендерде құрылыс жұмысы жалғасуда. Соның бірі – Солтүстік саяжай елді мекені.
Қазіргі уақытта Солтүстік саяжай елді мекенінде 6 мыңға жуық тұрғын қоныстанған.
Құрылыс жұмысы 2021 жылы басталған болатын. Бүгінде 4418 электр бағаналары және 22 трансформатор орнатылып, 131 шақырым электр желілері тартылды. Сондай-ақ, қосылу көзі болып табылатын электр тарату станциясы іске қосылуға дайын.
Бекітілген жоспарға сәйкес, атқарылып жатқан жұмыстар ағымдағы жылдың қыркүйек – қазан айларында толық аяқталып, іске қосу жоспарлануда.
Содан кейін, «ОңтүстікЖарықТранзит» жауапкершілігі шектулі серіктестігі тарапынан абоненттеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Айта кетейік, Солтүстік саяжай елді мекені өткен жылы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген болатын. Ал, табиғи газбен қамту құрылысы «Энергоресурс» жауапкершілігі шектулі серіктестігі тарапынан жүргізілуде.
Құрылысы 2023 жылы аяқталып, солтүстік саяжайлықтар келесі жылы көгілдір отынмен қамтылады.
Сондай-ақ, жыл соңына дейін Руханият көшесі жарықтандырылады.
Сонымен бірге қуаттылығы 220 кВ «Бозарық» қосалқы станциясы мен әрқайсысының қуаты 110 кВ болатын «Ақжар» және «1-М-1» қосалқы станциялары салынуда. Қаланы үздіксіз электр энергиясымен қамту мақсатында 2022-2025 жылдары 4 қосалқы станциясын салу жоспарланған. Оның ішінде 110 кВ «Ынтымақ», әрқайсысы 220 кВ «Қызылсу», «Южный» және «ВЛ» қосалқы санциясын салу мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында қарастырылып отыр. Осылайша, 2025 жылы қала тұрғындарын 100 пайыз сапалы электр қуатымен қамту көзделуде.