Шымкентте студенттермен отбасындағы зорлық-зомбылықтың профилактикасы бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды қалалық полиция басқармасының баспасөз өызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz.
Отбасындағы жағдай баланың жарқын болашағына тікелей әсер етеді. Отбасы – бақытты балалықтың мекені. Осы ұстаным әрбір жанұя мүшесінің басты қағидасына айналуы керек.
Қазіргі уақытта отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Себебі қоғамда орын алып жатқан түрлі жайттар қоғамды алаңдатпай қоймайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық баланың дамуына және оның өмір бойы басқа адамдармен қарым-қатынасына ықпал етеді. Осы ретте әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция майоры Венера Умаргазиева №3 арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталығының мамандарымен бірлесе отырып, отбасындағы зорлық-зомбылықтың профилактикасы тақырыбында Шымкент қаласы Жол-көлік колледжінде студенттермен кездесті.
Жиында отбасылық құндылықтар туралы сөз қозғалып, үйде болған қиын мәселе зорлық-зомбылық арқылы шешілмейтіні туралы айтылды. Жастарды толғандырған сұрақтарға жауап беріліп, пікір алмасты.
«Отбасылық ұрыс-керіс, әйел мен бала саудасы – қазіргі қоғамда қатыгездіктің, зорлық-зомбылықтың бір көрінісі. Әлемді зорлық-зомбылықсыз көз алдымызға елестетіп қарағанда, қандай болар еді?! Бейбіт ел, ынтымағы жарасқан халық, үлгілі отбасын құру бәрі де адамның өз қолында. Біздің болашағымыз – жастар болғандықтан, біз студенттерге осыны жеткізу мақсатында профилактикалық шаралар ұйымдастырып отырамыз», — дейді сала мамандары.
Өз кезегінде тәртіп сақшылары тұрмыстық зорлық құрбандарына көмек көрсету мақсатында азаматтарға бұндай жағдайда қорықпастан міндетті түрде «102» арнасына немесе «111», «150» қауырт желілеріне хабарласу қажеттігін ескертеді.