Бүгін қолына қалам ұстаған журналистер мамандығын ауыстырып, ауыр жағдайдағы науқастарға алғашқы медициналық жәрдем көрсетіп, өмірін ажалдан арашалап қалды.
Алғашқы медициналық көмек көрсету Шымкентте жуырда ашылған симуляциялық орталықта жүзеге асты.
Іс-шараға Шымкент қаласы және Түркістан облысының бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Абибуллаұлының айтуынша, мұнда түрлі жағдайға арналған 100 муляж қарастырылған. Ересектерден бастап балаларға дейін, түрлі жарақаттан бастап шұғыл бала босануға дейінгі жағдайда алғашқы көмек көрсету әдістері үйретіледі. Орталық мамандары шетелдерде білімін жетілдіріп, біліктілік арттырып келген.
Оталық мамандары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне базалық жүрек-өкпе реанимациясы бойынша дәріс жүргізді. Дәріспен қатар білікті тренерлер базалық жүрек-өкпе реанимациясын заманауи құрылғылардың көмегімен тәжірибе жүзінде көрсетіп, үйретті.
–Орталық мамандары базалық жүрек-өкпе реанимациясын әрбір адам білуі тиіс дейді. Ол көшеде адамдардың есінен танып құлап қалуы, жүректің қысылуы не болмаса балалардың ұсақ-түйек заттарды жұтып қоюы кезінде алғашқы медициналық көмек беруді біліп жүру екен. Мамандар тәжірибе жүзінде көрсетіп, біраз қажетті мәлімет алдық. Дегенмен, алғашқы медициналық көмек беру оңай жұмыс емес екен. Дәрігерлердің еңбегіне бас иемін, — деді «Әділет» қоғамдық газетінің тілшісі Роза Бекетаева.
Жалпы, қаладағы жедел жәрдем станциясы жанынан ашылған симуляциялық орталық әзірге Қазақстан бойынша баламасы жоқ, еліміздегі жоғары технологиялық құрылғылармен жабдықталған жалғыз орталық. Қазіргі таңда орталықта медицина қызметкерлері біліктіліктерін арттыруда.
Айта кетейік, орталықта оқыту жұмыстарын жүргізетін мамандар ағымдағы жылдың 12 мамыр мен 5 маусым аралығында Америкадағы кардиологиялық қауымдастығындағы білікті мамандармен тәжірибе алмасқан.