24 маусым – судья және сот қызметкері күні. Бүгін судьялар мен сот қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекесін алғаш рет салтанатты түрде атап өтті. Себебі бұған дейін олардың жеке мерекесі болмаған еді. Биыл Үкіметтің қаулысымен 24 маусым — «Судья және сот қызметкерлері күні» болып бекітілді.
Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияда судьялардың кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті.
Мерекелік жиынды ашқан Шымкент қалалық сотының төрағасы Ербол Рахымбеков судьялар мен сот жүйесінің қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, қазақ даласындағы ежелден келе жатқан сот жүйесінің тарихына тоқталды. Ал Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтеновтың құттықтауын жеткізді.
– Қазақ елінің, мемлекетінің тарихында ежелден дала соты қалыптасып, көпшілік билер мен шешендердің дуалы ауыз сөздеріне тоқтамға келетін болған. Сайын даланың ұл-қыздары ел бірлігі жолында ортақ ережеге бағынған. Содан бері сот жүйесі дамып, бүгінде мемлекеттік биліктің бір тармағына айналып отыр. Сот қызметкері болу, судьяның жұмысы – ауыр әрі жауапкершілікке толы. Адам тағдырын өзгертетін әрі әділ шешім қабылдау – қашан да аса маңызды. Сіздерге және отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізде табыс тілеймін, алғаш рет атап өткелі отырған кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Салтанатты жиында қалалық соттың төрағасы бірқатар азаматты «Қазақстан Республикасының сот жүйесіне – 30 жыл» мерекелік медалімен марапаттады. Еңбегі еленгендердің арасында Шымкент қаласының прокуроры мен ҰҚК, Әділет, ТЖД, Мемлекеттік қызмет департаменттерінің басшылары мен отставкадағы және қазіргі таңда еңбек етіп жүрген судьялар бар.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 31 наурыздағы қаулысымен 24 маусым – судья және сот қызметкері күні болып бекітілді.
Фото – Серік Қосаев