Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ ЖАҢА ТӨРАҒАСЫ САЙЛАНДЫ

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ ЖАҢА ТӨРАҒАСЫ САЙЛАНДЫ

Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің кезекті жиыны өтті. Кеңейтілген отырыстың күн тәртібінде түрлі басқармалар тарапынан атқарылған жұмыстардың есебі мен ұсыныстары тыңдалып, оған қоса, кеңестің келесі тоқсанындағы төраға сайланды.

Алдымен қалалық құрылыс басқармасының басшысы Әбілсейіт Рабаев атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

– Шымкентте қазіргі таңда басқарма тарапынан жалпы 90 нысанның құрылысы жүруде. Оның ішінде 51 үй, 11 білім беру нысаны, 15 инженерлік инфрақұрылым нысаны, мәдениет және денсаулық саласына қатысты 2 нысан, төтенше жағдай саласына қатысты 2 нысан және ауыл шаруашылығы, спорт секілді басқа да салаларға қатысты нысандар бар. 2021 жылы мегаполисте 1 млн. шаршы метр тұрғын жай пайдалануға берілсе, биылғы меже – 1 млн. 60 мың шаршы метр. Оның ішінде құрылыс басқармасы тарапынан жалпы ауданы 240 шаршы метр болатын пәтерлер беріледі деп күтілуде. Жоғарыда айтылған 51 үйдегі үш мыңға жуық пәтердің көлемі – осындай. Ал қаладағы 6 білім беру нысаны – биыл, қалған бесеуі келесі жылы пайдалануға беріледі. Оның ішінде Нұрсәттегі 500 адамға шақталған Оқушылар сарайы да бар, – деді басқарма басшысы Әбілсейіт Рабаев.

Бұдан кейін ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Базарбаев баяндама жасап, әлеуметтік маңызды азық-түлік түрлеріне қойылатын шекті бағаның жаңа мөлшерлемесіне қатысты қаулыны қоғамдық кеңес мүшелерінің назарына ұсынды.

Алқалы отырыс соңында қоғамдық кеңестің жаңа төрағасы сайланды. Бұл процедураға Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов арнайы қатысып, көпшіліктің атынан осыған дейінгі үш ай бойы төрағалық еткен Шалатай Мырзахметұлына қоғамдық еңбегі үшін алғыс айтты, сый-сияпат табыстады. Бахадыр Мәдәліұлының бұрынғы төрағаға жаңа төрағаға үміткерді алдымен ұсыну құқығы беру туралы ұсынысын көпшілік қолдап, Шалатай Мырзахметұлы қоғамдың кеңестің төрағалығына Бауыржан Әлтеевті ұсынды.

Бұл ұсынысты да кеңес мүшелері бірауыздан қабылдап, Бауыржан Әлтеев алдағы бір тоқсан бойы қоғамдық кеңес жұмысына төрағалық етеді. Жаңа төраға көпшілікке алғыс білдіріп, жауапкершілігі мол жұмыста сенімді ақтауға уәде берді.

 

Н. Бектаев
Фото – Серік Қосаев

Пікір жазу