Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ИМПОРТ АЛМАСТЫРУШЫ ЕКІ ЖАҢА ЗАУЫТТЫҢ АШЫЛУЫ ЖОСПАРЛАНУДА

ИМПОРТ АЛМАСТЫРУШЫ ЕКІ ЖАҢА ЗАУЫТТЫҢ АШЫЛУЫ ЖОСПАРЛАНУДА

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы  Әйтенов елордадағы орталық коммуникациялық қызметінде брифинг беріп, мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндады.

Мұрат Дүйсенбекұлы есепті кездесуде халықтың табысын арттыра түсу үшін өндіріс орындарын көптеп ашу қажеттігіне тоқталды. Бұл бағытта биыл 16 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Инвестиция көлемі – 52,3 миллиард теңгені құрап, 1 000 астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда жоспарланған 5 кәсіпорын іске қосылды.

– Олардың ішінде Орталық Азияда теңдесі жоқ «Алюминий банкілерінің өндірісі» жобасын атап өткім келеді. Жобаның құны 23,4 млрд. теңгені құрап, онда 145 жұмыс орны ашылды. Жобалық қуаттылығы жылына 500 миллион дана алюминий банкілерін шығарады. Өндірілген өнім елге келген импорттың 60%-ын алмастырады, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Әкімнің жоспарланған жобалардың ішінде қала экономикасына маңызды жобалардың бірі ретінде «Standard Steel KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі түсті металл концентраттарын алу зауытын да (мыс, қорғасын, цинк, алтын) атап өтті. Аталған жобаның құны 8,5 миллиард теңге, жоба аясында 250 жаңа жұмыс орнын ашу қарастырылған. Қала басшысының айтуынша, бұл жоба шынымен де мегаполис үшін маңызды. Себебі бұрынғы қорғасын зауыты аумағындағы қорғасын қалдықтары тазартылып, қаланың экологиясына оң әсерін тигізетін болады.

Жалпы, қаладағы 4 индустриялық аймақта 185,3 млрд. теңгеге 130 жоба іске асырылып, 8,3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды.

Мұрат Әйтенов есепті жиналыста жұмыс істеп тұрған 2 индустриалды аймақпен қоса тағы 2 индустриалды аймақ ашылатынын мәлімдеді. Оның біреуі Қазақстанда тұңғыш рет салынатын «Стандарт» жеке меншік индустриалды аймағы. Бұған қоса мегаполисте ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін «Бозарық» агроиндустриалды аймағы бой көтеретін болады. Баяндамада айтылғандай, алдағы бес жылда қала экономикасына 2,6 трлн инвестиция тартылмақ.

Ә.ЖҰМАШБАЕВ

Пікір жазу