Қазақ пен қырғызға Алатауы мен Ыстық көлі ортақ. Қырғыздың Манасы мен қазақтың Абайы туыс, қырғыздың Шыңғысы мен қазақтың Мұхтар Шахановы бауыр, дос. Әдебиеті егіз, мәдениеті төл, өнері тең екі елдің біртуған бауырлас халық екенін қайталаудың өзі артық. Бұл байланыс тағы бір сатыға көтерілді. Ағымдағы жылдың 19 қазан күні Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері екі ел шекарасынан өтудің тәртіптерін белгіледі. Келіссөзге Қырғызстан премьер-министрі Сапар Исаков бастаған үкімет делегациясы мен Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев бастаған үкімет мүшелері қатысты. Онда экономикалық проблемалар талқыланған. Атап айтқанда, екі елдің кеден және салық процесін Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) мен Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) тиісті нормалары мен ережелеріне сай басқаруға қатысты мәселелер қаралған. Ол үшін арнайы екі ел премьер-министрлерінің бірінші орынбасарлары төрағалық жасайтын жұмысшы тобы құрылатын болды. Бес күндік жұмысшы топтың нәтижесінде арнайы жол картасы дайындалатын болады. Тараптар жол картасын қабылдаған соң жасалған келісімдерді толық орындауға міндеттелмек. Демек, байырғы қырғыз-қазақ қатынасы одан әрі беки түспек деген сөз.
Исамуддин ЫРЫСБАЕВ,
Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы