Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында халқымыздың ұлттық құндылықтарын құрметтеуге, туған жерді көркейтуге, қоғам үшін игі іс жасауға шақырып, атсалысуға үндеді.
Осы мақсатта Түлкібас ауданы, Т.Рысқұлов ауылында аз қамтамасыз етілген отбасылардың тұтынушыларына арналған әлеуметтік дүкен ашылды.
Дүкенде үй тұрмысына қажетті барлық тауарлар базар бағасынан 20-30 пайыз төмен бағада сатылатын болады. Сондай-ақ дүкенде жағдайы төмен отбасыларына арналған киімдер де қойылған.
Әлеуметтік дүкеннің ашылуына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Марат Жанесен мен Майлыкент ауылдық округінің әкімі Келесбек Жартыбаев сөз сөйлеп, дүкеннің жұмысына сәттілік тіледі.
Дүкенге келетін тауарларды төменгі бағада сату үшін игі істің бастамашысы тауар өндірушілермен тікелей келісімге отырған. Ол аудандағы көкөніс еккен шаруалар мен макарон шығаратын «Алтын дән» фирмасымен келісімге келген.
Ауданда осындай әлеуметтік дүкендер алдағы уақытта халқы көп орналасқан Балықты, Түлкібас, Састөбе, Мичурин ауылдық округтерінде ашылады деп жоспарлануда.