Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » «КӨРМЕ ОРТАЛЫҒЫ» ҚАЙТА ЖАНДАНДЫ

«КӨРМЕ ОРТАЛЫҒЫ» ҚАЙТА ЖАНДАНДЫ

Шымкент қаласында «Көрме орталығы» қайта ашылды, деп хабарлайды didarbek.kz ақпараттық агенттігі Шымкент келбеті газетіне сілтеме жасап.

Мәдениет саласының ардагері Күлия Айдарбекова мен Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бөлім басшысы Ахат Насыр салтанатты түрде ғимараттың лентасын қиып, сонымен қатар, салтанатты шараға жиналған көпшілік «Әжелер ансамблінің» шашуымен аталған нысанның ішіне енді.

«Шымкент өркениеті» салтанатты жиынының аясында  роботтар көрмесі ұйымдастырылып, оның бастамашысы Д.Фалин, «Көрме орталығының» директоры Зухра Қарабекова арнайы құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілектерін айтты.

— Біз еліміздегі жаңа технология мен робот құрастыру саласын танытуға атсалысып келеміз. Өскелең ұрпақтың инженерлік мамандықтарға, ғылымға деген қызығушылығын оятып, өнертапқыштық қасиетін дамытсақ дейміз. Ал, осындай жұмысты халыққа паш етуде «Көрме орталығының» орны ерекше. Қайта жанданып, көрермендердің жиналып жатқанына қуаныштымыз, — деді Д.Фалин.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме ағымдағы жылдың 21 шілдеден 11 қыркүйекке дейін жалғасады. Көрермендер роботтың 85 түрімен танысып, 7 виртуалды шындық технологиясы мен 4 техношоуды тамашалай алады. Сондай-ақ, робототехника бойынша мамандардың кеңесін алып, шеберлік сағаттарына қатыса алады. Көрмені тамашалаймын деген 14-21 жас аралығындағы жастарға әр сейсенбі сайын, ал әр сәрсенбіде зейнеткерлерге  арнайы жеңілдік науқаны қарастырылған.

Сонымен қатар, Шымкент қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, мың бұралған бишілері мерекенің сәнін келтірді.

Айта кетейік, жыл басындағы «Қаңтар оқиғасы» кезінде «Көрме орталығының» ғимараты зардап шегіп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын.

Пікір жазу