Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ДІНИ САУАТТЫЛЫҚТЫ АРТТЫРУ МАҢЫЗДЫ

ДІНИ САУАТТЫЛЫҚТЫ АРТТЫРУ МАҢЫЗДЫ

Шымкентте діни терроризм мен экстремизмнің алдын алу мәселелері бойыншa жиын өтті. Қалалық «Ақ-ниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығының мамандары арнайы қатысып, дінаралық мәселелерді талқылады. Кезекті ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығында өтті.

Діни ахуалы тұрақты елдің даму деңгейі де тұрақты болады.  Сондықтан, ел дамуын еселеу үшін діни татулықты да тұғырлы ету қажет.Дін қазіргі жастарға әсер ететін белсенді күштердің бірі болып табылады. Қазақстан халқы, әсіресе жастар жағы діни ағымдардың кері жағымен де таныс болуы керек дейді,- Дәлелхан Оспанов.

Дін тек құлшылық емес. Бірліктің де бастауы. Ал бірлік ел тұтастығының негізі. Еліміздегі әрбір дін өкілі осыны естен шығармауы керек. Өйткені, діни көзқарас өзі үшін маңызды болса, ел тыныштығы қоғамға қажет.

Дәстүрлі емес діни ұйымдардың идеологиялық және басқа да жұмыстарының нысанына ең алдымен жастар алынатындығы жиі кездесетін жағдай. Жастар әлеуметтік — демографиялық топ ретінде өзіндік, соның ішінде рухани сипаттағы ерекшеліктерге ие. Көпшілік өмірдің рухани негіздерін іздеу, өмір сүрудің мән-мағынасы туралы сұрақтарға жауап іздеу жолында дінге келеді. Соңғы кездері біз қандай да бір діннің тереңіне бойламай, діндердің ізгілігіне, шынайылығы мен жалпыға ортақ басқа да қырларына тереңдеп енбей жатып діндарлықтың сәнге айналғанын көріп отырмыз. Адамдарды қандай да бір дінді қабылдауға мәжбүрлеуге болмайды.
Дін атын жамылған ағымдар өздеріне жаңа мүшелерді тартып, олардан түскен ақпараттарды бақылауда ұстайды. Сондай — ақ, бейэтикалық тәсілмен жеке тұлғаны бағындыру арқылы, психологиялық қысым көрсету, қорқыту және мүшелерді ұйымда ұстап қалудың өзге де жолдарына сүйенеді. Осылайша олар тұрмыс қалпын және адамның еркін ақпараттық дүниетанымды таңдау құқығын бұзады. Ғаламтор желілерінде дінге байланысты ақпарат іздеген адамға мыңдаған дерек көзінің шығатыны белгілі. Осы ақпараттардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін көп адамдар аңғара да бермейді. Соның салдарынан кей жандардың санасында күмәнді ойлар қалыптасып та жатады. Өйткені деструктивті теріс бағыттағы діни ұйымдар ғаламтор арқылы өз идеологияларын таратып, жақтастарының санын арттыруды қалайды.

Айта кетейік, шара барысында қоғамда орын алып жатқан жағдайлар мен оқиғалар кеңінен түсіндіріліп, діни сергек болу керек екені айтылды. Тыңдаушылар тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, оған мамандар тиісінше жауаптар берді.

Пікір жазу