Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің кезекті мәжілісінде аймақ басшысы Ж.Түймебаев бюджет қаржысының игерілмеуіне қатысты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдерінің жұмыстарына қанағаттанарлықсыз деген баға берді.
Бюджет қаражатын тиімді және мерзімінде игеру әрбір мекеме басшысының басты мақсаттарының бірі болу керек екенін айтқан облыс әкімі қазынадан бөлінген қаржыны дұрыс ұқсатпаған басшылар жазаланатынын жеткізді.
«Біздің осы бағыттағы жұмысымызды Мемлекет басшысы мен Үкімет қатаң бақылауға алған. Осыған сәйкес біз бюджет қаражатын игеру мәселесін тұрақты түрде ай сайын қарап, талқылаймыз. Алайда, қаржы басқармасының бүгін жасаған баяндамасына сәйкес, облыстық басқармалардың және аудан, қала әкімдерінің бюджет қаражатын игеру бағытындағы жұмыстары төменгі деңгейде болып отыр. Сонымен қатар, былтырғы жылдан бері бюджет қаражатын игеру бойынша берілген тапсырмалар орындалмағаны белгілі болды. Осы ретте, бірқатар облыстық басқарма басшыларының және аудан, қала әкімдерінің бюджет қаражатын игеру бойынша жұмыстарына қанағаттанарлықсыз деген баға беремін», – деді Ж.Түймебаев.
Мәжілісте 2017 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша облыс бюджетінің атқарылуы туралы сөз алған облыстық қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Р.Мүлкеманов облыстық басқармалар бойынша 209,6 млн теңге, ал, аудан, қалаларда 559,4 млн теңге қаржы игерілмей қалғанын мәлімдеді.