Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 72 аса биік көп қабатты ғимарат есепке алынған. Оның 54-і Шымкент қаласына тиесілі. Солардың бірқатарында қауіпсіздік шаралары сақталмаған. Бүгін бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Избасаров мәлім етті.
Басқарма тарапынан ғимараттардың төтенше жағдайларға дайындығы, ішкі өртке қарсы су құбырларының жағдайы, азаматтарды көшіру жолдары, өрт сөндіру дабыл қаққыш және құлақтандыру сынды жүйелері тексерілген. Нәтижесінде Шымкент қаласындағы бірнеше ғимаратта қауіпсіздік шаралары сақталмаған. Олар: «Яссауи», «Royal Park» және «БИИК» тұрғын үй кешендері. Аталған нысандарға айыппұл салынып, ескерту берілген. Аталған нысандарда бүгінгі таңда қателіктер түзетілген. Өзге де ғимараттардың ұжымына төтенше жағдайларды алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
«Мәселен «Яссауи» тұрғын үй кешеніне қызмет көрсететін ұйымның келісуімен өрт-тактикалық оқу-жаттығуын жүргіздік. Оқу-жаттығу кезінде, жоғары қабатты ғимараттарда өрт сөндіру дағдылары, адамдарды қауіпсіз жерлерге көшіру әдістері және басқа тиісті қызметтермен өзара іс-қимыл жасау атқарылды», – дейді Бауыржан Шырынбекұлы.
Жалпы аса биік ғимараттардың 72-сінің 6-уында ғана қызмет көрсететін ұйымдар бар. Қаладағы бірқатар мөлтек аудандарда тұрғын үй меншігінің кооперативтері мен кондоминиум субъектілері құрылмаған. Бұл мәселелер нысандарда өрт қауіпсіздігін бақылауды қиындатып отыр.