Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Әлеумет » ТОЛЕРАНТТЫЛЫҚ – БЕЙБІТШІЛІК КЕПІЛІ

ТОЛЕРАНТТЫЛЫҚ – БЕЙБІТШІЛІК КЕПІЛІ

Тағаттылық, төзімділік-дәстүрлі діндердің баршасына тән. Дінаралық татулықты сақтау қағидатына дәстүрлі Исламда аса мән берілген. Пайғамбарымыз хадисте: «Нағыз мұсылман – өзгелерге тілімен де, қолымен де зиян келтірмеген адам» деген. Және бір хадисінде: «Кімде-кім бір зиммиға (мұсылман елінде  тұратын өзге дін өкілдері) қиыншылық көрсететін болса, мен ол адамның дұшпанымын. Ал мен кімнің дұшпаны болсам, онымен ақырет күні жеке есептесемін» деп айтқан. Басқа дін өкілдерімен тату-тәтті қарым-қатынаста болу – ислам шариғаты бұйырған іс-амалдардың бірі болып саналады.

Мұхаммед пайғамбар жорық кезінде өзге дін өкілдерінің ғибадат ғимараттарын қиратпауды, дін өкілдерін өлтірмеуді, оларға қол жұмсамауды, өзге діндегілердің құдайларына тіл тигізбеуді өсиет еткен.

Демек, шариғат бойынша мұсылман адам өзгелерге бәрінен бұрын қауіпсіздік пен амандықтың кепілдігін ұсынады. Сондықтан өз мақсаттарына жету жолында діни мәтіндерді үзіп-кесіп, орынсыз бұрмалап жүрген бүгінгі жалған терроршы, экстремистік «жиһад», «такфир», «тағут», «хижрат» деп насихаттаушы кереғар діни радикалды топтар шынайы мұсылмандар санатынан емес. Шын мәнінде тыныш жатқан ел тұрмақ, соғыс кезінде соғыстан бас тартқандардың өзіне шабуыл жасауға рұқсат берілмейді. Құранда: «Егер олар сендерден аулақ тұрса әрі сендермен соғыспаса, тіпті сендермен бейбіт тұруды ұсынса, онда Алла Тағала сендердің оларға шабуыл жасауларыңа ешқандай жол бермеді», — делінген («Ниса» сүресі, 90-аят).

Әділетті халифалардың бірі хазіреті Омар сахаба кедей әрі жұмыс істеуге қабілетсіз, қауқарсыз өзге дін өкілдері үшін мемлекеттік қазынадан арнайы қаржы бөліп, жалақы төлеп тұрған.

Ислам тарихында Омар халифа мынадай келісімшарт жасаған: «Бұл Аллаһтың құлы, мұсылмандардың әміршісі Хаттабұлы Омардың Илиа халқына берген қауіпсіздік қағазы. Олардың жандарына, малдарына, шіркеулеріне, крестеріне, дені саулары мен сырқаттарына және қалған ұлтына амандық берілді. Шіркеулерін ешкім тұрғын үй есебінде қолданбайды, оларды ешкім бұзбайды, олардың ішкі және сыртқы қор мүліктерінен ешнәрсе кемітілмейді, олардың малдарына ешкім қол сұқпайды. Мұндағылардың дініне зорлық жасалмайды, ешкімге дін негізінде зорлық көрсетілмейді».

Сондай-ақ, Шам маңында моңғол әскерімен бітім жасасуға келген мұсылман елшісі тек мұсылмандар ғана емес, өзге дін өкілдері де тұтқыннан толық босатылмай, келісімге келе алмайтынын айтқан. Елші бұл сөзге таңырқай қараған қарсы жаққа өзге дін өкілдерінің мұсылмандар үшін аманат екенін, ал аманатқа қиянат жүрмейтінін мәлімдеп, Мұхаммед пайғамбардың: «Сізге кітап иелерін, яғни христиандар мен иудейлерді аманат етемін» деген хадисін бұлжымас әмір ретінде қабылдайтынын танытқан. Кезінде крест жорықшылары Испаниядағы мұсылман мемлекеті – Андалусияны талқандап, оның бейбіт тұрғындарын жаппай қырып-жоя бастағанда, жоқ болып кету қаупі туған жергілікті яһудилер (иудейлер) Осман империясындағы мұсылмандарды паналаған. Ұлтсүйгіштік және өзге ұлттарды құрметтеуге де исламда терең мән берілген. Дін, діл, тіл, ұлт атаулары бір-бірімен ажырамас байланыста. Құран Кәрімде: «Біз сендерді бір-бірлеріңді тану үшін ұлттар мен ұлыстар етіп жараттық»; «Бір-біріңненсіңдер» (яғни бір ата, бір анадансыңдар) дейді.

Ұлттардың жаратылуында да Алланың хикметі бар. Ұлтын сүю, қадірлеу «Отан» ұғымының аясына кіреді. Өз ұлтын сүю, оның тарихын, мәдениетін, дәстүрін, дүниетанымын құрметтеу, өзге ұлт өкілдерінің де осындай құндылықтарына құрметпен қарау, ислами құндылықтар аясында ұлтаралық татулықты сақтауға септесу,  барлық жағдайда толеранттылық, төзімділік таныту — шынайы мұсылман сипатына тән.

 

Шымкент қаласы дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша «Асыл мұра» қоғамдық бірлестігі әзірлеген

Пікір жазу